Ақтөбеде мұнай компаниялары ауызсу қорын сақтау жоспарын бекітуге асығар емес
Ақтөбе облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс экологиясына қатысты бірнеше мәселені ортаға салды. Жаз бойы қала тұрғындарының мазасын алатын жағымсыз иісті жою үшін биыл бюджеттен 480 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, жұмысты өз мойнына алған мердігер анықталды. Алайда әлі де келісімшартқа қол қойылмады. Кәріз тазарту құрылғысы жаңарғанша «Ивказ» катализаторын пайдаланады. Сол кезде ауаға тарайтын көмірсутектің мөлшерін қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік бар.
«Кәріз тазарту құрылғысын салу жоспарланып отыр. Құрылысқа қажетті техникалық-экономикалық негіздеме үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы бөлінеді. Ауаны ластаушылар қатарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты бар. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1 және №2 цехтарға қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ былтыр зауытта 900 сүзгі ауыстырылды. Бұл ауаға тасталатын зиянды қалдық мөлшерін жылына 2 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді», - деді Талап Ұснадин.
Ақтөбе қаласында қоқыс полигоны да үлкен мәселеге айналған. Полигонда орын азайып, жаңа жоба іске қосылды. Алайда мұнда өрт жиі болады. Әсіресе жаз айларында. Былтыр 17 өрт оқиғасы тіркелген.
Айта кетейік, ақтөбелік экологтарды «Көкжиде» кен орнындағы таза ауызсуды сақтау жұмысы алаңдатады. Себебі мұнда су қорын мұнаймен ластау деректері де тіркеліп, министрлік ұңғымаларды кезең кезеңімен жабуға шешім қабылдаған.
«Мұнда 5 компания мұнай өндіреді. Олар: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС, «КМК Мұнай» АҚ, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Ада Ойл» ЖШС. Бәрі 2023 жылдан бастап ұңғымаларды жабу жоспарын дайындап, Экология министріне бекітуі керек. Сол келісіммен ғана биылғы жұмысқа рұқсат берілді. Кейбірі министрлікке өз жоспарын жіберген. Бірақ жабуға жататын ұңғыма саны аз және уақыты дәл көрсетілмеген. Сондықтан біз тексеру жұмысын жүргізуді көздеп отырмыз. Жоспарды неге ұсынбағанын білгіміз келеді. Бұл жерде жалпы 120-130 ұңғыма бар», - деді Ақтөбе облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Еске салсақ, «Көкжиде» су қорындағы тіршілік нәрі еліміздің батыс өңіріне жетеді. 2006 жылы Үкімет қаулысымен «Көкжиде» мемлекеттік табиғи қорық қоры қатарына қосылды. Ал 2011 жылы «Көкжиде» жерасты суы табиғи қорық қоры қатарына енді. Былтыр ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігі «Көкжиде» су қорын сақтап қалу үшін бірігіп жұмыс істеуге көшті.