Ақтөбеде нөсер жауыннан соң 100-ден астам ассенизатор тәуліктік кезекшілікке шығарылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыс орталығында үш күнде айлық нормаға жетер жаңбыр жауды. Қазіргі кезде су сору жұмыстарын жүргізетін мердігерлер тәуліктік кезекшілікке шықты.

Ақтөбеде нөсер жауыннан соң 100-ден астам ассенизатор тәуліктік кезекшілікке шығарылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев қалада су сору жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын хабарлады. Нөсер жауын кезінде жаяу жүргіншілермен қатар көлік қозғалысына қиындық келтіріп жатыр. 

— Қалада жаңбыр екі аптадан бері тоқтамастан жауып тұр. «Қазгидромет» РМК АОФ мәліметі бойынша осы уақыт аралығында жарты жылдық мөлшерде жаңбыр жауды. Мысалы жауын-шашынның бір айлық нормасы 30 миллиметр болса, соңғы үш тәулікте 23 миллиметр жауды. Қазіргі уақытта қала көшелерінен суды сорғылау жұмыстары жүріп жатыр. 100-ден астам ассенизатор тәуліктік кезекшілікке жұмылдырылды. Сонымен қатар сорғы станциялары жұмыс істеп жатыр. 109 байланыс қызметі тұрғындардан өтініштер қабылдайды, — деді Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев. 

Ақтөбе облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі ертең де қалада жаңбыр жауып, найзағай ойнайтынын хабарлады. Облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында бұршақ жаууы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с болады. Ақтөбе қаласында да жаңбыр жауады.

Айта кетейік, Атырауда да 1–3 маусым аралығында айлық жауын-шашын нормасынан 1,5 есеге артық жаңбыр жауды