Ақтөбеде ондаған көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топқа сот үкімі шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сотталушылар 5 жыл 6 айдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Оларға Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айып тағылды.

Ақтөбеде ондаған көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топқа сот үкімі шықты
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымдасқан топ мүшелеріне Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру», «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану», «Жекеше нотариустардың өкілеттіктерді теріс пайдалануы» баптары бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, сотталушылардың бірі 2024 жылы шетелден әкелінген жүк көліктерін бастапқы тіркеу алымын төлемей-ақ заңсыз тіркеу мақсатында ұйымдасқан топ құрады. Бұрын есептен шығарылған көліктердің деректері мен жалған алып-сату шарттарын пайдаланып көлік құралдарын қайта тіркеу схемасын қолданған.

— 2024 жылдың шілде-желтоқсан айлар аралығында 82 көлікті заңсыз тіркеп, мемлекетке жалпы сомасы 705 миллион теңгеден астам залал келтірген. Сонымен қатар, 2025 жылы тағы 7 көлікті тіркеп, 64,6 миллион теңге залал келтірді. Тағы 9 жалған алып-сату шартын нотариаттық куәландырып, 83 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал сомасы 852 миллион теңгеден асады. Келтірілген залалды өтеу үшін заңсыз тіркелген 98 көліктің 95-іне тыйым салынды. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімімен қылмыстық топ құрған сотталушы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған 8 сотталушы 5 жыл 6 айдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Азаматтық талап толық қанағаттандырылды.Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, шетелден көлік әкелемін деп 106 млн теңгені иемденген күдікті Ресейден экстрадицияланды. Тергеу дерегінше, күдікті 2021-2022 жылдары шетелден автокөлік сатып алып, жеткізіп беремін деген сылтаумен үш адамды алдаған. Ол жәбірленушілердің жалпы сомасы 106 млн теңгеден астам қаражатын иемденді деген күдікке ілінген.