Ақтөбеде ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырған ағайындылар сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Онлайн казино ұйымдастырған ағайындылар 8-9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал әкімші мен кассир қызметін атқарған 7 сотталушы 2-6 жылға жаза арқалады.
Ақтөбе қалалық № 2 сотында «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» баптары бойынша ағайындылардың ісі қаралды.
Іс материалына сүйенсек, 2022 жылы ақтөбелік ойын бизнесін ұйымдастыру, оңай табыс табуды ойға алып, жоспар құрады. Кейін інісіне бар жоспарын айтып, екеуара келіседі. Сөйтіп Ақтөбе облысының территориясы мен Астана қаласында онлайн бизнесін ұйымдастырады. Онлайн ойын бизнесіне қажетті түрлі техника сатып алады, бәс тігуге құмар адамдармен де байланыс орнатады. Кейін екі ағайындының бірі әйелін әкімші етіп қызметке орналастырады. Кейін екінші қызметкер жұмысқа кіріседі. Сөйтіп 2 әкімші, 5 кассир онлайн құмар ойын бизнесінде жұмыс істейді.
— 2022-2024 жылдар аралығында қылмыстық топ мүшелерінің банк карталарына үнемі ақша түсіп отырған. Бұл арнайы органдардың назарына ілігуі мүмкін. Сондықтан ұйымдастырушылар банк картасын қолдануға рұқсат беретін дропперлер іздейді. Олар туыстарының банк карталарын қолданады. Ойын бизнесін ұйымдастыру кезінде пәтерді жалға алды. Бонус, акция туралы хабарламалар жіберіп, онлайн казиноға шақырды. Жұмыс кестесі құрылған. Күн сайын түскен ақшаның есебі берілген. Ұйымдастырушының бірі түскен ақшаның бір бөлігін Алматыдан пәтер алу үшін бұрынғы әйеліне берді. Тағы бір танысына 40 млн теңгені қарызға беріп, ол өтей алмаған соң Астанадағы үйін алады. 2024 жыл Астанадағы пәтерді 66 млн теңгеге сатады. Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін ішінара мойындады. 2024 жылдың тамыз айында ғана заңсыз ойын бизнесімен айналысқанын айтты. 2022-2024 жылдар аралығында адамдардан ойын бизнесін ұйымдастырушыларға 1,7 млрд теңге ақша түскен, — деді сотта мемлекеттік айыптаушы.

Бүгін Ақтөбе қалалық № 2 сотында үкім шықты. К.Салават Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» баптары бойынша айыпты деп танылды. Түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сонымен бірге көлігі, тінту кезінде табылған 9 млн теңге ақшасы, ұялы телефондар, ноутбук, макбуктер мемлекет пайдасына тәркіленді.
Ал інісі Қ.Еркебұлан 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Сотта әкімші қызметін атқарды деп айтылған оның әйелі 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның да көлігі, телефоны тәркіленді. Екінші әкімші де дәл осындай жазаға тартылды. Ал кассир қызметтерін атқарған 5 сотталушы 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі төмен түзету мекемесінде өтейді. Сотталушылардың бірі ай-күні жетіп, босануға дайындалып жүр. Ол үкім шыққан кезде сот отырысына перзентханадан келген.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің басшысы бірнеше рет пара алған. Ол қайта аттестациялау кезінде директорлардан 50-70 мың теңге сұрап, өз қажетіне жұмсаған. Қазір сот отырысы өтіп жатыр.