Ақтөбеде өз-өзіне қол жұмсаған әкімнің орнына жаңасы сайланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Темір қаласының әкімі қызметіне Мұхтар Әкімов сайланды. Ол 662 дауыс жинады.

тағайындау, шенеунік
Фото: GOV.KZ

Кеше Ақтөбе облысының Мәртөк, Ойыл, Темір, Хромтау аудандарында 4 ауылдық округ және 1 қала әкімінің сайлауы өтті. Екеуінің өкілеттілік мерзімі аяқталған, үшеуінің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ол үшін 4 аумақтық және 11 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді.

— 5 сайлау округі бойынша 18 кандидат ұсынылды. Оның төртеуі «AMANAT» партиясынан, біреуі «Ауыл» партиясынан, біреуі «Respublica» партиясынан, қалған 12-і өзін-өзі ұсынушы. Кандидаттардың 13-і мемлекеттік, 3-і бюджеттік сала қызметшісі, 2-і коммерциялық құрылымдардың қызметкері. Екі кандидат мемлекеттік қызмет заңнамасының талаптарына сәйкес келмей, тіркелмеді. Бюллетеньдер дайындалғаннан кейін бір кандидат өз еркімен кандидатурасын алып тастау туралы өтініш берді. Сайлауға 15 кандидат қатысты. Сайланған әкімдердің үшеуі мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік сала қызметкері. Сайланған әкімдердің ең кішісі 28, ең үлкені 59 жаста, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Темір ауданы бойынша Темір қаласында әкім сайланды. Темір аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, округте 1465 сайлаушы бар. Оның 1072-і дауыс берді. Бюллетеньнің бесеуі жарамсыз деп танылып, екеуі бәріне қарсы болған. Ал 662-і Мұхтар Әкімовті таңдаған.

— Мұхтар Әкімов 1967 жылы туған. Ол Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің инженер механигі, Ақтөбе қаласының тұрғыны. Оны «AMANAT» партиясынан ұсынған, — Темір аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсан айында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов өз үйінде өз-өзіне қол жұмсаған. 

Соңғы жаңалықтар