Ақтөбеде пара алған полиция қызметкерлері сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Екеуі де теміржолдағы тәртіпке жауапты болған. Бірі 102 500 теңге, екіншісі 37 500 теңге пара алып, айыппұл арқалады.

Астана полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 36 мыңнан астам бейнекамераны қолданысқа енгізді
Фото: Астана әкімдігі

Ақтөбе қалалық сотында Ақтөбе станциясында желілік полиция бөлімі патрульдік полиция взводының полицейлеріне қатысты іс қаралды. Екеуіне де Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды. Сотталушылар соңғы сөзінде айыпты толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімімен 22 және 23 жастағы полиция қызметкерлері айыпты деп танылды.

— Б.Алпамыс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1,2,4 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 4 900 000 теңге айыппұл жазасына тартылсын. Ә. Роллан айыпты деп танылып, параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни, 2 625 000 теңге айыппұл жазасына тартылсын, — деді судья Аян Кусаев.

Екі сотталушы да өмірінің соңына дейін мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істей алмайды. Ал айыппұлды сот үкімі заңды күшіне енген күні, яғни 15 тәулікте төлеуі тиіс. Сонымен бірге мемлекет пайдасына пара сомасын, бірі 102 500 теңге, екіншісі 37 500 теңге төлеуі керек. Сот анықталған бұзушылық бойынша тиісті шара қабылдау үшін ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшылығына жекеше қаулы шығарды.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Нұрсұлтан Исембайұлы Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылды.