Ақтөбеде полиция қызметкерінің жұмысына кедергі келтіріп, бөлімге кіргендер жазаланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Алға ауданында 7 ер адам полиция ескертуіне құлақ аспай, тіпті бөлімге рұқсатсыз кірген. Олар әкімшілік жауапқа тартылды.

Ақтөбеде полиция қызметкерінің жұмысына кедергі келтіріп, бөлімге кіргендер жазаланды
Фото: Видеодан скрин

Оқиға шілде айында Алға қаласындағы Ш.Уәлиханов көшесінде болды. Полиция Hyundai Tucson көлігін тексеріп, жүргізушінің құжатсыз көлік айдағанын анықтады. Кейін жүргізуші полиция бөліміне жеткізіледі. Іле-шала жүргізушінің ағасы мен таныстары, барлығы 7 адам бөлімге келіп, полиция қызметкерінің жұмысына кедергі келтірді. 

- Полиция бөліміне рұқсатсыз кіргені үшін оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» бабы, «Күзетiлетiн объектiлерге заңсыз кіру» бабы бойынша хаттама толтырылды. Қазіргі кезде 4 құқықбұзушыны 4 тәулікке қамау туралы шешім шықты. Тағы екі құқықбұзушының ісі аудандық сотқа жіберілді. Бір құқықбұзушы Ақтау қаласына кетіп қалған, шақырылды. Келген соң құжаттары сотқа жіберіледі,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, қылмыспен күресте оң динамика байқалады. Тіркелген қылмыстардың жалпы саны 11%-ға төмендеген.

Адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, зорлау, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық, мал ұрлығы және басқа да қылмыстардың саны азайған

Соңғы жаңалықтар