Ақтөбеде сарбаздың қабырғасын сындырған әскери қызметші сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚР Ұлттық ұланы 5548 әскери бөлімінің екінші жедел мақсаттағы батальоны 5 жедел мақсаттағы ротасының старшинасы 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші сарбазға моральдық залалды және заңды өкіл шығынын төлейді.

сарбаз
Фото: Kazinform

Қылмыстық іс Ақтөбе гарнизоны әскери сотында қаралды. ҚР Ұлттық ұланы 5548 әскери бөлімінің екінші жедел мақсаттағы батальоны 5 жедел мақсаттағы ротасының старшинасына Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігімен айып тағылды яғни билікті асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Іс материалына сүйенсек, оқиға биыл қаңтар айында болады.

Сотталушы С.Қасымов Жаңаөзен қаласында орналасқан ҚР Ұлттық Ұланы 5548 әскери бөлімінің төртінші ротасы орналасқан ғимарат ішінде жеке құрамды сапқа тұрғызады. Кейін «шайқас» пәрменін беріп, балағат сөздер айтып, жаттығу жасап жатқан мерзімді әскери қызметшінің қабырға тұсынан үш рет тебеді. Сол кезде әскери қызметшінің жетінші қабырғасы сынған.

Сотталушы С. Қасымов тағылған айыпты мойындамады. Ол бесінші рота әскери қызметшілерінің өзара дауласып, таласып жатқанын көріп, сапқа тұрғызғанын, өзінің ұрмағанын айтты. Тіпті жәбірленуші жала жауып отырғанын жеткізді. Ал жәбірленуші болса алғашында бәрін жасырған, арада екі апта өткенде қан түкірген. Терең демалған кезде қабырғасы ауырып, фельдшерге барады, анасына да хабар береді. Осы аралықта бұл жайт әскери бөлім командиріне жетеді. Әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері тергеу жүргізеді.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, оқиға болған бөлменің кіреберісіне бейнебақылау камерасы орнатылғанымен, жазба жүргізілмеген. Себебі бірер ай бұрын өзге қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп, жазбаны алуға мүмкіндік болмаған.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді. Сонымен бірге жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, 700 000 теңге моралдық зиян, 900 000 теңге өкіл қызметіне жұмсалған сот шығыны өндірілді.

Еске салсақ, Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болу фактісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Сарбаз өліміне байланысты батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды.