Ақтөбеде сертификатсыз 400 млн-ға жуық теңгенің қиыршық тасы сатылғаны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша сәйкестікті растау құжаттарысыз қиыршық тастарды сату фактісі анықталды.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қиыршық тас сатумен айналысатын жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ақпараты негізінде жүргізілді.
— Бақылау іс-шаралары барысында кәсіпкердің сәйкестікті растау сертификатысыз 2 349 725 тонна көлемінде, жалпы сомасы 396 947 895 теңге болатын қиыршық тасты өткізгені анықталды, — делінген хабарламада.
Назар аудара кету қажет, қиыршық тас негізгі құрылыс материалдарының бірі болып табылады және тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді салуда кеңінен қолданылады. Осыған байланысты техникалық реттеу талаптарын сақтау құрылыс өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 415-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес 421 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетелік Маңғыстауда қиыршық тасты заңсыз өндірген компания анықталған еді.