Ақтөбеде шалғай жердегі туристік нысандарға шағын авиабекет салынуы мүмкін

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір өңірде 46 туристік нысан бар. Алдағы уақытта Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарына шағын авиабекет салу жоспарланды.

Скорая помощь с неба: один день с санавиацией Костанайской области
Фото: Дарья Аверченко

Ақтөбеде туризмді дамыту жоспары талқыланды. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, 46 туристік нысанның үшеуі емдеу, шипажай орталығы және 8-і ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Олар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты, Ебейті, Орқаш, Көкжиде-Құмжарған, Мәртөк, Қобда, Озерный, Ойыл қорықтары, орман алқабы. Биыл тарихи маңызға ие Досжан ишан мемориалдық кешені, Абат-Байтақ кесенесіне және табиғаты ерекше Қасқыр сарқырамасына барар жол құрылысы аяқталады.

— Жиын барысында шағын авиациялық бекет салу мәселесі де талқыланды. Қазіргі таңда Байғанин ауданындағы Ақтолағай бор таулары аумағында шағын авиациялық пункт салу жобасы пысықталып жатыр. Туристік нысан облыс орталығынан 446 шақырым қашықтықта орналасқан. Осындай жобаларды Шалқар және Ырғыз аудандарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туристік нысандардың көлік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімі туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттырды, кадр даярлау және жергілікті халықты жұмыспен қамтуды тапсырды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысына 233 мың турист келген. Оның ішінде 14 мыңнан астамы шетелдік. 

Еске салсақ, Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесін дайындады. Құжатта еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ірі іс-шара қамтылған. 

Соңғы жаңалықтар