Ақтөбеде шатыры өртенген көпқабатты жатақхана тұрғындары көмек сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Жатақханада қазір жарық жоқ, пәтерлерді ыс басып кеткен. Тұрғындар тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласы Сәтбаев көшесінде 5 қабатты шағын отбасыға арналған жатақхананың шатыры өртенді. Өртті сөндіруге 70-тен астам адам және 30-ға жуық техника жұмылдырылған. Өрт кезінде 50 адам, оның ішінде 12 бала эвакуацияланды. Тұрғындар үшін арнайы автокөлік базасында жылыту пункті ұйымдастырылды.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова

- Сағат 01:55-те өрт шықты. Өрт сағат 03:39-да оқшауланып, кейін сөндірілді. Ауданы 290 шаршы метрді құрады,- деді Ақтөбе қаласының ТЖБ бастығы Данарбек Иманғазин.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова

Бүгін оқиға орнына Ақтөбе қаласы көшесін тазалауға жауапты мердігер компания жұмысшылары барып, тазарту жұмыстарын жүргізді. Арасында «Жасыл ел» жасағының жастары да бар. Ал тұрғындар болса ыс басқан киім-кешегі мен бүлінген заттарын далаға шығарып, тазарту жұмысын жүргізіп жатыр.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова

- Мына бір бөлмені қызым мен күйеу балам алып, 2 млн теңгеге жөндеу жасатты. Екеуі де мұғалім, екі баласы бар. Өрт болған кезде есік қағып, бәрін шығарған. Бүгін үйге келсек су басып жатыр, кермелі төбе созылып кеткен. Бізге жөндеуге көмек керек. Басы артық ештеңе сұрамаймын, тек жөндеп берсе болады,- деді қала тұрғыны Бақтыгүл Иманберлина.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындар Ақтөбе облыстық ТЖД-нен пәтер немесе үй өртенді деп анықтама алып, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырады. Содан кейін ғана пәтер иелеріне 100 АЕК көлемінде ғана қаржы аударылады.

Айта кетейік, Шахтинсктегі гараждардың бірінде өрт шығып, жасөспірім көз жұмды.

Ақтөбеде шатыры өртенген жатақхана
Фото: Алтынай Сағындықова