Ақтөбеде шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 18 шетелдік ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Олар қыш тақтайша тиелген деп мөрленген жүк көлігіне мініп, «Жайсаң» шекара бекетін кесіп өтпек болды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Ақтөбе облыстық департаментінің хабарлауынша, заңсыздық 8 наурыз күні сағат 19:55–те тіркелді. Транзиттік жүк көлігіне Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары жасырынған. Заңсыздықты «Жайсаң» шекара бекетінің шекарашылары анықтады.

— Өзбекстаннан Ресейге бағыт алған транзиттік жүк көлігінің тірмекесінде 22 тонна қыш тақтайша бар деп көрсетілген. Алайда көліктің тіркемесін ашып қараған кезде шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 3 өзбекстандық, 15 тәжікстандық анықталды. Транзиттік жүк көлігін Өзбекстан азаматы басқарды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметі Ақтөбе облыстық департаменті.

Сонымен бірге жедел тергеу тобы Қазақстан аумағындағы делдалдар болуы мүмкін деген күдікпен тағы 5 азаматты ұстады. Бәрі де өзбекстандық. Олар да шекара маңында қолға түсті. Қазір Қылмыстық кодекстің 392-бабы аясында тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде тұратын алты мыңнан астам шетелдік тексерілді.
Олардың кейбірі тұрғылықты мекенжайын ауыстырған, құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Сондай-ақ шетелдіктерді заңсыз тіркеуге қойған пәтер иелері де жауапқа тартылды.