Ақтөбеде соңғы қоңырау мен аттестат тапсыратын күні түнде рейд жүргізіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Рейдті білім саласы қызметкерлері мен құқық қорғау органдары жүргізеді. Әсіресе мейрамханалар мен демалыс базаларына басымдық беріледі. Ақтөбе облысында биыл 11 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Соңғы қоңырауды мектеп басшылығы мен ата-аналар комитеті ақылдаса отырып ұйымдастыруы тиіс.
- Мектеп басшылары санитарлық талаптардың сақталуын, кезекшіліктің ұйымдастырылуын және төтенше жағдайларда эвакуация жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті. Салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу кезінде бар жауапкершілік білім беру ұйымдарының басшыларына жүктеледі. Сонымен бірге салтанатты іс-шарада мектептер шешімді дербес те қабылдай алады. Атап айтқанда мектепке және ұстаздарға алғыс білдіру, ән айту, өлең оқу, түлектер вальсі сияқты тәрбиелік мәні бар іс-шараларға рұқсат етіледі,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Аттестат табыстау іс-шарасы да тек мектеп ғимаратында немесе мектеп аумағында өтуі тиіс. Ол күні түлектер мектеп формасын киюге міндетті. Мерекелік кештерге арналған ерекше сәнді киім киюге тыйым салынған.
- Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық беруге, мейрамхана, дәмхана, банкет залдарында кеш өткізуге, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, таңды қарсы алу, табиғат аясында мерекелік жиындар өткізуге, ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейді. Басты мақсат - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бітіру іс-шараларын қарапайым, тәрбиелік мәні бар форматта өткізу. Салтанатты іс-шаралардан кейін түлектердің түнгі уақытта себепсіз жүруіне, қоғамдық орындарда топтасып мерекелеуіне жол берілмеуі тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, адамдар көп жиналатын орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады,- деді Бұлбұл Күзембаева.
Бұған дейін Kazinform мектеп түлектері соңғы қоңырауға қанша теңге жұмсайтыны туралы жазды. Биыл еліміздегі өңірлерде түлектер альбомы, лента және фартук бағасы өзгерді.