Ақтөбеде спорт мектебінің жаттықтырушысы алаяқтық жасағаны үшін сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жаттықтырушы Азамат Сарбасов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес 2 жыл 4 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол оқу-жаттығуға бөлінген қаржыны өз қажетіне жұмсап отырған.

Іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Азамат Сарбасовқа Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, Азамат Сарбасов 2018 жылдан бастап жүзу спортынан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Республикалық және халықаралық жарыстарға спортшыларды дайындауы тиіс маман 2024 жылы Шымкент қаласында өтетін оқу-жаттығуға баруы керек еді. Айыпталушы Су спорты түрлері федерациясынан шақырту құжатын сұратып алады. Оқу-жаттығу екі кезеңге белгіленген. А. Сарбасов Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорына құжатты беріп, хабарлайды. Бірақ жаттықтырушы өзі де, спортшылар да бұл оқу-жаттығуға қатыспайтынын білген. Сапарға бөлінген қаржыны иемденіп, өз қажетіне жұмсады. Ол кезде оқу-жаттығуға 1 476 340 теңге бөлінген. А. Сарбасов бұл істі биыл да жалғастырды. Ақпан-наурыз айларында тағы да Шымкент қаласында оқу-жаттығу жоспарланды. А. Сарбасов ҚР чемпионаты алдында оқу-жаттығу өткізу сылтауымен 1 912 100 теңгені иемденеді және өз қажетіне жұмсайды. Сөйтіп екі оқу-жаттығуға деп 3 388 440 теңге иемденеді.
Сот отырысы кезінде сотталушы процессуалдық келісімге келіп, кінәсін мойындады. Сонымен бірге материалдық шығынды толық өтеді.
Сот үкімімен сотталушы Азамат Сарбасов Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес 2 жыл 4 айға шартты жазаға ауыстырылды. Ол мемлекеттік спорт мекемелерінде 6 жыл бойы жұмыс істей алмайды.
Еске салсақ, Ақтөбеде курсант өліміне қатысты тергеу аяқталды. Іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен қозғалған болатын.