Ақтөбеде істі болған екі әкімнің орнына жаңасы сайланады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сайлау келер жылы қаңтарда өтеді. Қазіргі кезде кандидаттарды ұсыну басталды. 

Әкім сайлауы
Фото: Kazinform

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы, Хромтау ауданы Хромтау қаласында сайлау бір күнде өтеді. Екі аудандағы аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды 2026 жылдың 11 қаңтар күні болады деп бекітті.

— Қандыағаш қаласының әкіміне кандидаттарды ұсыну 2025 жылдың 4 желтоқсанда басталып, 16 желтоқсан сағат 18:00–ге дейін жалғасады. Қала әкіміне кандидаттарды тіркеу мерзімі 21 желтоқсан сағат 18:00–де аяқталады, — деп хабарлама таратты Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы. 

Еске салсақ, Қандыағаш қаласының әкімі әйелді ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып, айыппұл арқалады. Апелляциялық шағымда сот алқасының қаулысымен айыппұл түріндегі жаза мөлшері 295 360 теңгеге дейін төмендетілді. Ал жәбірленуші пайдасына өндірілген өкілге төленген шығынның мөлшері 300 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Ал Хромтау қаласының әкімі әкімі Сағындық Шабықбаев қараша айында пара алды деген күдікпен ұсталды. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен жеделдетілген тергеу жүріп, іс Хромтау аудандық сотының өндірісіне қабылданды. Қылмыстық іс 11-желтоқсан күні қаралады.

Соңғы жаңалықтар