Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен ауылдың бітіруші түлектері қалада оқып жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 22 мектептің балалары қашықтан оқып жүр. Ал Ойыл ауданы Берсиев орта мектебінің бітіруші түлектері қаладағы лицей-интернатқа орналастырылды. 

білім
Фото: М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты

Ақтөбе облысы бойынша 22 мектептің балалары қашықтан оқып жүр. Себебі өңірде 20 білім ордасы эвакуациялық пункт ретінде жұмыс істеп тұр. Оның 17-і мектеп, 2-і колледж және біреуі мектеп жанындағы интернат.

анон
Фото: М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты

- Су тасқынынан зардап шеккен адамдар орналасқан 17 мектеп, су тасқынынан зардап шеккен екі білім беру ұйымы қашықтан, су тасқыны кезінде жол қатынасы ішінара үзілген Әйтеке би ауданындағы Әйке мектебінің балалары аралас форматта оқып жүр. Ал су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданы Берсиев орта мектебінің 17 оқушысы облыс орталығындағы М.Құсайынов атындағы мектеп-интернатқа орналастырылды. Балалардың емтиханға, ҰБТ дайындалуына бар жағдай жасалды, - деді Ақтөбе облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Берсиев орта мектебінің бітіруші түлектері арасында бес оқушы Алтын белгіден үмітті. Сондықтан олардың оқып, ҰБТ дайындалуын М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ұжымы өз міндетіне алды.

- Мектеп лицей-интернат болған соң балалардың жатын орны, тамағы толық қарастырылған. Сонымен бірге оқушылардың таңдау пәніне сәйкес ҰБТ-ға дайындық күшейді. Сынып кураторы мен тәрбиеші бекітілді, - деді М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының директоры Төлеген Аймұқатов.

Соңғы жаңалықтар