Ақтөбеде субұрқақтарды жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыс әкімдігі маңындағы субұрқақты жөндеу жұмысы аяқталмай, іс сотқа жіберілді. Сонымен бірге сулы-жасылды бульвардағы жөндеу жұмыстар 5 жылға созылып кетті.

д
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысында биыл 20 субұрқақ іске қосылады. Бүгінде оның көбі жұмыс істеп тұр. Алайда жөндеу жұмысы бірнеше жылға созылған проблемалық нысандар да бар. Соның бірі – сулы-жасылды бульвар. Мұнда жөндеу жұмысы 2021 жылы басталғанымен, әкімдік пен мердігер арасындағы сот процесі бірнеше жылға созылды. Енді жұмысты демеушілер аяқтауы мүмкін. 

- Қазіргі таңда қайта жобалау жұмыстары жүргізілді. Енді демеушілер есебінен жөңдеу жоспарланып отыр. Ақтөбе облысы әкімдігі маңындағы субұрқақтың мердігері – «Ювон электро строй» ЖШС. Абай саябағындағы субұрқақ жұмысы бойынша сот процесі жүргізілуде. Соттың шешімі шыққан соң, яғни жыл соңына дейін қосу жоспарланды,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Талғат Наурызов.

Биыл Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан желілік саябақта жаңа субұрқақ іске қосылды. Сонымен қатар ұзақ жылдар жұмыс істемей тұрған тағы 2 субұрқақ жөнделіп жатыр. Оның бірі кеше іске қосылды.

- Субұрқақтарды күтіп ұстау «КПД Құрылыс» ЖШС-нің міндеті. Мердігер конкурстық негізде анықталды. Келісімшарт сомасы – 45 млн теңге. Компания субұрқақтарды тазалау, іске қосу, күтіп ұстау, күзде қысқы маусымға жабу жұмыстарын жүргізеді,- деді Талғат Наурызов.

Айта кетейік, жыл сайын мамыр-қыркүйек айлары аралығында субұрқақ суларына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, вирусологиялық зерттеулер үшін су сынамалары алынады. Департамент дерегіне сәйкес субұрқақ сулары вирусты А гепатиті, ротовирус және энтеровирус көрсеткіштеріне зерттеледі