Ақтөбеде суши жеткізу орнының аспаздарынан стафилококк анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеруден соң қорытынды шығарды. Тағамнан ішек таяқшалары, аспаздардан патогенді стафилококк анықталды.

Суши жеп уланған ақтөбеліктер тамыз айында ауруханада ем қабылдады. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне барлығы 8 адамның түскенін туралы хабарланған.
— Науқастар тұтынған тағамдарды дайындаған және жеткізген қызмет көрсету орнына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде дайын тағамнан патогенді стафилококк, шикі тауық етінен ішек таяқшалар тобының бактериялары, аспаздан патогенді стафилококк анықталды. Шайындыдан да стафилококк, ішек таяқшалары табылды. Үш аспаз инфекция көзі болып тұр, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.
Еске салсақ, тамыз айында облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына 8 адам түсті. Олардың тек алтауы ғана ауруханада жатып, ем қабылдаған. Ауруханаға жатқан 6 адамның екеуі бала. Кейін суши жеткізу орнының 8 жұмысшысы жұмыстан шеттетілді. Эпидемиолог мамандар бірнеше сынама алды.