Ақтөбеде тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы сот алдында жауап беріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жандос Әлімовке Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылды. Қазіргі кезде іс материалдары зерделеніп жатыр.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке қатысты іс сотқа осы айда түсті. Оған Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы 2021-2022 жылдары аралығында 15 адамға негізсіз пәтер бөліп, мемлекетке шығын келтірген.
Бүгін іс материалдарын зерделеу жалғасты. Құжаттардың түпнұсқасы арасында Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру және жалдау шарттарын қайта рәсімдеу туралы комиссия отырысындағы хаттама, пәтер алған адамдардың аты-жөні мен берілген баспананың мекенжайы туралы ақпарат айтылды. Уақытша пәтер алғандардың арасында бұрын соңды үй кезегіне тұрмағандар да болып шықты.
— Кезекте тұрмаса да жалдамалы пәтерді уақытша берген. Демек олар қандай да бір санатқа кірмейді. Соған қарамастан пәтерді беріп тұр, — деді прокурор Сәкен Бертілеуов.
Ал жәбірленуші тарап болса, уақытша баспана тек кезекте тұрған адамдарға берілетінін айтты.
Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, бәрі де комиссия отырысында қаралып, шешім ортақ келісіммен шығарылғанын айтты.
Айта кетейік, Жандос Әлімов былтыр қаңтарда Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға басшы қызметіне тағайындалды.
Ол 2020-2024 жылдар аралығында Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін басқарды.