Ақтөбеде тұрғындар жылу тарифін пәтердің әр шаршы метріне төлеуге қарсы шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабының халқы коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жылуды есептеу құрылғысындағы көрсеткішті қабылдамай жатқанын айтып, шағым түсірді. Қазіргі кезде жылу таратушы, қала әкімдігі мен ПИК өзара келісе алмай жатыр. 

Ақтөбеде тұрғындар жылу тарифін пәтердің әр шаршы метріне төлеуге қарсы шықты
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабының халқы көпқабатты тұрғын үйдегі ортақ есептеуіш құрылғысын тексертіп, қайта қондыру талабымен келіспейді. Жылыту маусымында осы қиындықпен бетпе-бет келген тұрғындар бұған қарсы уәж айтты. 

– Есет батыр тұрғын алабында 2018 жылдан бері тұрамын. Содан бері жылуды өз қабатымызда орналасқан есептеуіш құрылғысындағы көрсеткіш арқылы төлеп келемін. Оны былтыр 25 мың теңгеге тексертіп, қайта қондырып алдық. Бес жылдық кепілдігі бар. Екі бөлмелі пәтерге қыста 6 мың теңге есептеледі. Ал қазір сол екі бөлмелі пәтерімізде 16 мың теңге шығарып беріп тұр. Тұрғындар бұған келіспейді. Бізді жылудан ажыратса да ол ақшаны төлемейміз. Ал тұрғын үйдегі ортақ есептеуіш құрылғысына келер болсақ, оны жылыту маусымында ғана естіп отырмыз, - деді Арман Алматов. 

Тұрғындар арыз жазып, Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясына жеткізді. Әзірге жауабын алмады.

Арыз
Фото: Алтынай Сағындықова

Ал «Адал қызмет» ПИК төрағасы Дәулет Нұрлановтың айтуынша, өзіне қарасты 78 көппәтерлі тұрғын үйде осы проблема бар. Бәріне қазан айында қосылған жылуға әр шаршы метр үшін ақы төлейтіні туралы айтылған. Содан кейін бұл мәселе Ақтөбе қаласы әкімдігінде қайта көтерілді. 

– Әкімге барып, мәселені айтамыз. Жаз бойы жиналыс өткізіп жатқан кезде өздері тоқтатып қойды. Себебі бізде сол есептегіш құрылғысына кезінде қабылдау актісі берілмеді. Қабылданбаған құрылғыны біз қалай тексертеміз. Кейбіріндегі құрылғы талапқа сай емес, кейбірінде мүлде жоқ. Нақтыласам, мердігерден қабылдағанда тапсырыс беруші, яғни, әкімдік дұрыс қарамаған. «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы да соны біле тұра жеке адамдармен келісімшартқа қол қойды. Осы күнге дейін жылу жоғалту тіркелмеді. 10 жылдан кейін жаңа әдістеме шығарып тұр. Бұл халықтың қалтасына ауыр тиеді, - деді «Адал қызмет» ПИК төрағасы Дәулет Нұрланов. 

Оның айтуынша, кейбір көпқабатты үйдің әр подьезінде бір есептегіш құрылғысы бар. Әрқайсысын тексертіп, қайта қондыру құны 190 мың теңге тұрады. 

Ақтөбе қалалық әкімдігі мән-жайдан хабардар. Бүгін ғана ПИК төрағаларын жинап, түсіндіру жұмысын өткізді. Оған «Aqtobe su-energy group» АҚ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің өкілдері де қатысты. 

– «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы берген ақпаратқа сүйенсек, 2024-2025 жылғы жылыту маусымында жылумен жабдықтау қызметтері үшін есептеу алготритмі өзгертілді. Жалпы үйлік аспап болған кезде ғана жылу энергиясын есепке алу құралдарының көрсеткіштері қабылданады. Осыған байланысты халықты ақпараттандыру үшін 2024 жылдың мамыр айынан бастап түбіртек арқылы хабарлама берілді. Онда ортақ есепке алу аспаптарының жұмысын қалпына келтіру немесе мемлекеттік тексеру жүргізу қажет екені жазылды. Жылуды есепке алатын ортақ құрал болмаған жағдайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бекіткен тарифке сәйкес есептеу жүргізіледі. Бұл тұрғындардың өз үйлері. Бұған бюджеттен қаражат бөлу заң бойынша мүмкін емес, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

«Адал қызмет» ПИК төрағасы Дәулет Нұрлановтың айтуынша, бұл мәселе ертең тағы көтеріледі. Ол кезде кездесуге тұрғындар шақырылады.

Соңғы жаңалықтар