Ақтөбеде үш ауысымды мектеп жанындағы жаңа ғимарат құрылысы 4 жылға созылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы жанынан 600 орындық қосалқы ғимарат салынып жатыр. 2023 жылы басталған құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін.
Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы мектеп-гимназия үш ауысымды білім ордасы. Мұнда 3300-ден астам бала білім алады. Мектеп 1 200 орынға шақталған, екі ауысымда 2,5 мың бала оқи алады. Ата-аналары әлеуметтік желі арқылы осы мәселені көтеріп, Оқу-ағарту министрлігіне, мемлекеттік орган өкілдеріне шағым түсірді. Онда он жылдан астам уақыттан бері үш ауысымды мектеп мәселесі шешілмегенін, балалардың қосымша үйірмеге қатысу құқығынан айырылғанын және үшінші ауысымның сағат 15:45–20:30 аралығында өтетінін хабарлады. Балалар сабақтан кеш шығады, қыста қауіп жоғары.
Шынында да мектеп жанындағы қосымша ғимарат құрылысы 2023 жылы басталып, күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Мердігер компания құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауға әзір. Ол үшін тапсырыс беруші Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 350 млн теңгеден астам қаржы аударуы тиіс. Осы айда тек 50 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.
— Құрылыс жұмыстарына қаржыны бөліп-бөліп аударады. Жұмыс атқарылады, қаржы бөлінеді. Биыл екі ай ақша болмай, ештеңе істемей отырдық. Бүгін құрылыс қайта жанданып жатыр. Егер ақшаны уақытылы аударса, жаңа оқу жылына дейін аяқтап берер едік. Әлі 350 млн теңге керек, ал бізге 50 млн теңгеден астамын бөлді. Оған сантехниканы орнату жұмыстары жүргізіледі. Ертең қажетті құрылыс материалдары алынып, сантехник мамандар іске кірісті, — деді құрылыс жұмымтарының басшысы Нұрлыбек Қаратаев.
Қосалқы ғимаратта асхана, шағын және үлкен спорт залы, кітапхана мен оқу кабинеттері бар. Мектеп іші әктелген, еденге линолеум төселіп жатыр.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қосалқы ғимараттың жоба құны 2,6 млрд теңге. Қазіргі кезде оның 2,2 млрд теңгеден астамы игерілді, құрылыстың 80% аяқталды.
— Бұған дейін мердігер компанияның есепшоты бұғатталып, құрылыс уақытша тоқтатылды. Бүгінде есепшот қайта ашылып, құрылыс жалғасып жатыр. Кіреберістің, спорт залдың терезесін салу, айналаны абаттандыру, жарықтандыру, кәріз жүйесін монтаждау, құрал-жабдықтарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Биыл жыл соңына дейін қолданысқа беріледі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Алматы мектептерінде 30 мың оқушы орны жетіспейді.