Ақтөбеде жаңбырлы күні жолдың ой-шұңқырын жөндегендер жазаланбады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Алға ауданы әкімдігі жолды демеушілер жөндегенін айтты. Әлеуметтік желідегі видеодан соң жұмысты тоқтатып, бүгін аяқтаған.

Ақтөбеде жаңбырлы күні жолдың ой-шұңқырын жөндегендер жазаланбады
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысы Алға қаласы әкімдігі көктемде жолдың ой-шұңқырын жөндеу жұмысына кірісті. Алайда жұмыс жаңбыр жауып тұрған кезде де тоқтатылмады. Мұны көрген тұрғынның бірі оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратып жіберді.

— Аудан тұрғыны А. Тубетбаев жаңбырлы күні жолдың ой-шұңқырын жамау жұмысы жүргізіліп жатқанын айтып, видео жариялады. Алға қаласы әкімдігі көктемде шұңқырларды жөндеу жұмысын ескеріп, «Универсал 3 Q» ЖШС-мен келісімге келеді. Есет батыр көшесіндегі жұмыс демеуші есебінен жасалды. Көшеде жөндеу 20-сәуір күні жүргізілген. Жұмысты аяқтар кезде жаңбыр жауып кеткен. Жөндеу уақытша тоқтатылды, бүгін аяқталды, — деп хабарлады Алға ауданы әкімдігі.

Айта кетейік, Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстарына биыл 70 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Барлығы 518 шақырым жол жөнделеді. Оның көбі республикалық бағытта.