Ақтөбеде жарты жылда 23 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бәрі де ел азаматтары. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер, есірткіге тәуелді адамдар жоқ.
Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының хабарлауынша, былтыр жарты жылда 31 адамнан АИТВ жұқпасы анықталды. Ал биыл оны 23 адамның жұқтырғаны белгілі болды. Бәрі де Қазақстан азаматы.
- Былтырғыға қарағанда биыл алты айда жұқтыру дерегі 26% төмендеді. Балалар, жасөспірімдер, есірткіге тәуелді адамдар арасында АИТВ инфекциясы анықталған жоқ. Биыл облыстың әрбір оныншы тұрғыны тест тапсырып, өз мәртебесін білді. Сонымен бірге 116 мыңнан астам тұрғын сынамасы зертханалық тексеруден өтті. Әсіресе жастар, жүкті әйелдер арасында ақпараттандыру жұмысы жан-жақты жүргізілді. Жедел тестілеуге 2 500 адам қатысты. Ал АИТВ жұқтырған адамдардың 95% ем қабылдап жатыр. Пациенттердің 94 пайызында вирустық жүктеме азайған,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 1996 жылдан бастап күні бүгінге дейін адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясын жұқтырған 1 231 адам тіркелді.