Ақтөбеде жазасын өтеуші түрме ішіндегі бейнебақылау камерасын сындырып, қайта сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Адам өлтіріп, ұрлық жасап, тонаумен айналысқан екі жазасын өтеуші № 8 түзету мекемесінің бейнебақылау камерасын сындырған. Екеуінің де жазасы ауырлады.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары № 8 мекемесінде жазасын өтіп отырған А.Жармұханов және Р.Жұмашевқа қатысты істі тергеді. Іс Қылмыстық кодекстің 428-1-бабы 3-бөлігімен (Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру) қозғалды.
— 2024 жылы қараша айында кісі өлтіргені үшін сотталған А.Жармұханов және тонап, ұрлық жасағаны үшін сотталған Р.Жұмашев бірлесіп, Ақтөбе қаласындағы № 8 мекемесінің бейнебақылау камерасын бүлдіреді. Бұл камера ішкі тәртіп режимін бақылауға арналған. Жазасын өтеуші А.Жармұханов оны серуендеу алаңында қасақана істен шығарған. Ақтөбе қаласының № 2 соты сотталғандарды кінәлі деп танып, бұрынғы тағайындалған жазаларды қосып 7 және 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасы.
Айта кетейік, Ақтөбеде 200-ден астам жазасын өтеуші рақымшылыққа ілігеді. Рақымшылыққа іліккен сотталғандардың бір бөлігі бостандыққа шықса, бір бөлігінің жазасы қысқарады.