Ақтөбеде жеке мектеп мұғалімдерінің жалақы қарызы он жұмыс күні ішінде өтеледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыстық білім басқармасы мен мектеп ұжымы кездесу өткізіп, проблеманың неден туындағаны туралы айтылды. Төрт айлық жалақы қарызы 10 жұмыс күні ішінде өтеледі.

Медианалық жалақы
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық білім басқармасының өкілдері «Білім», «Смарт білім» мектептерінің ұжымымен кездесу өткізді. Онда «2025-2026 оқу жылына арналған жекеменшік білім беру мекемелерінде орта білім беруге байланысты мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігі» пилоттық жобасы түсіндірілді. Жаңа жобаға сәйкес Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ E-Qazyna.kz платформасын енгізді. Бұл жеке мектептердегі оқушы санын нақты білуге көмектесетін бірыңғай жүйе. 

— Бірыңғай жүйеге сай портал автоматтандырылып жатыр. Мұғалімдер 10 жұмыс күні ішінде жалақыларын алады, — деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Мектеп мұғалімдері де облыстық білім басқармасы өкілдерінің дәл осылай уәде бергенін растады.

Еске салсақ, екі жеке мектепте 741 қызметкер жалақы ала алмай отыр. Себебі жан басына шаққанда төленетін қаржы аударылмады. Мұнда 9 мың бала оқып жүр.

Соңғы жаңалықтар