Ақтөбеде жеңіл көлік велосипед мінген ерлі-зайыптыны қағып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында жеңіл көлік пен велосипед соқтығысып, екі адам көз жұмды. Оқиға түнде болды.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша 23 шілде күні сағат 00:50-де қайғылы оқиға тіркелді. Қаладағы Ақжар-1 ауылы маңындағы айналма жолмен жүріп келе жатқан көлік жүргізушісі велосипедке соқтығысқан. Салдарынан велосипедтегі 25 және 26 жастағы ерлі-зайыпты көз жұмды.
- Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Kia» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі қамауға алынды. Ол Ақтөбе қаласының тумасы, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, жыл басынан бері велосипед айдап, жол-көлік оқиғасына тап болған 3 дерек тіркелді. Онда бір адам көз жұмып, екеуі жарақат алды.