Ақтөбеде жер үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, үйден табиғи газ шығып, кейін жарылыс болған.
Оқиға бүгін кешкілік Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы Түрксіб көшесінде тіркелді.
- Алдын ала мәлімет бойынша табиғи газдың шығуынан газ-ауа қоспасының жарылысы болып, салдарынан шамамен 100 шаршы метр аумақтағы жеке тұрғын үй опырылған. Оқиға орнынан 1 қаза тапқан адам табылды. Салдарды жою жұмыстарына ТЖД, Апаттар медицинасы орталығы, жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоп жұмылдырылды. Оқиға орнында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары, үйінділерді тексеру және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде,-деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде қоқыс полигонынан өрт шықты. Өрт бір жарым сағат ішінде сөндірілгенімен, әлі бықсып жатыр.