Ақтөбеде жерасты суын рұқсатсыз пайдаланып отырған шаруаларға айыппұл салынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 141-бабы негізге алынған. Шаруалар шағым айтып, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасына жиналды.
Шаруалар мен Жайық – Каспий бассейн инспекциясы Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасына жиналды. Себебі Мәртөк, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласындағы шаруаларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 141-бабы, яғни, су қорына мемлекеттік меншік құқығын бұзу бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, 1,2 млн теңге айыппұл салынды. Бұған дейін жерасты суын емін-еркін пайдаланып келген шаруалар Су кодексіндегі өзгертулер мен толықтырулар туралы білмеген.
- Айыппұл салынғандардың қатарында «Нива», «Табанов» пен «Қанат 2», «Ақтөбе жидектері» ЖШС-і бар. Инспекция ҚР ӘҚБтК-нің 141-бабын негізге алған. Фермерлердің айтуынша, оларға нақты түсіндірме жұмысы жүргізілмеген. Инспекция өкілдері тек заң нормаларына сілтеме жасаған. Талқылау барысында инспекция мамандары биыл наурыз айында аудан әкімдіктеріне жаңа су пайдалану ережелерін түсіндіру жөнінде хат жолдаған. Тек Ақтөбенің Алға ауданына ғана барып, фермерлермен кездескен. Ал Президент 2025 жылдың 9-сәуірінде ҚР Су кодексіне қол қойды. Инспекция маусым айында облыстың барлық ауданы мен Ақтөбе қаласында тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарады. Тексеруде Жем, Сағыз, Темір, Хобда, Ырғыз, Ілек және Ор өзендері, сондай-ақ басқа да су нысандары қамтылуы тиіс болды. Мақсат – заң бұзушылықтарды анықтап, заңсыз су алуды тоқтату. Алайда заңдағы жаңа талаптардан фермерлер бейхабар екен,- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі.

Енді ҚР Бас прокуратурасының Ақтөбе облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпарат қалыптастыру бөлімі алдағы екі аптада Жайық – Каспий бассейн инспекциясы жұмысының заңдылығын тексереді.
- Егер заң бұзушылық немесе өкілеттікті асыра пайдалану фактілері анықталса, жауапқа тартамыз. Кейін прокурорлық қадағалау актісін жасаймыз, – деді Азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпарат қалыптастыру бөлімінің инспекторы Данер Батырханұлы.
Айта кетейік, бұған дейін тәулігіне 50 текше метрге дейін су пайдалану үшін қандай да бір рұқсат құжаты қажет болмады. Ал 2025 жылдың 10-маусымында жаңа Су Кодексі күшіне еніп, бұл норма алынып тасталды.
- Жайық–Каспий бассейн инспекциясына тексерулерді тоқтата тұрып, өтпелі кезең қарастыру және аудандарда түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды. Әкімдік пен салалық басқармалар бірлесіп, жерасты суына жұмсалатын шығынды субсидиялау және тәулігіне 50 м³-ке дейін су пайдалануға рұқсат талап етілмейтін норманы қалпына келтіру мәселелерін пысықтау ұсынылды, деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, судың «көлеңкелі нарығымен» тиімді күресу үшін бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Енді оларға жедел әрекет ету шараларын қабылдайтын қадағалау функциялары берілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функцияларды сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізіледі.