Ақтөбеде жол апатынан алты адам опат болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиға Қандыағаш қаласы маңында болды. Toyota Camry автокөліктері соқтығысқан кезде ешкім аман қалмады.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
— Ақтөбе — Астрахань автожолының 94-шақырымында, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласына жақын жерде екі Toyota Camry автокөлігі соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам қаза тапты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік жылдамдығын қауіпсіз деңгейде таңдауға және жолда барынша мұқият болуға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында жол апатынан төрт адам көз жұмды.
Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан «Газель» көлігін басып озу кезінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, сол жерде Kia Rio автокөлігімен соқтығысқан.