Ақтөбеде жол-көлік апатынан аман қалған оқушылардың жағдайы белгілі болды
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізілген оқушылардың жағдайы орташа ауыр. Қазіргі кезде дәрігерлер ем жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облысының Самара-Шымкент тасжолында болған жол-көлік апатынан соң үш оқушы Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде оларға ем жүргізіліп жатыр.
«2007 жылы туған қыз жабық бас-ми жарақатын алған. Ми шайқалуы, бастың маңдай бөлігінің жарылуы тіркелді. Сол жақ тізе буынын соққан. 2009 жылы туған оқушы қыз да жабық бас-ми жарақатын алған. Миы шайқалған. Сол жақ құлағы соғылып, жараланған. 2008 жылы туған ер бала да жабық бас-ми жарақатын алған. Миы шайқалып, сол жақ кеуде қуысы соғылды. Қазір үш баланың жағдайы орташа ауыр. Жарақат алған балаларға қатысты телемедицина өтті. Емдеу тактикасы шешіледі. Егер қажет болса облыс орталығына жеткізіледі. Жүргізушінің көп жарақаты жоқ. Психологпен сөйлесіп жатыр», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Еске салсақ, жеңіл және жүк көлігі соқтығысып, 3 адам көз жұмды. Оның екеуі оқушы болатын.