Ақтөбеде жолда қалған жедел жәрдем мен автобус жолаушыларына көмек көрсетілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Автобус Ресейден Ташкентке қарай бағыт алған. Ал жедел жәрдем Мұғалжар ауданы Ащысай ауылынан шыққанымен, жүре алмай ана мен баласын құтқарушылар тасымалдады.
Ақтөбе облысында аяз күшейіп, полиция мен төтенше жағдайлар қызметі жолдарда құтқару жұмысын жүргізді. Самара – Шымкент тасжолында Ресейден Шымкент қаласына бағыт алған автобустың жолаушыларына көмек көрсетті. Қатты аяз бен боран салдарынан автобустағы дизель отыны қатып, жүре алмады.
– Полиция қызметкерлері жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, жолаушылар Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңындағы кемпингке жеткізіліп, уақытша орналастырды. Автобус салонында 11 жолаушы және екі жүргізуші болды. Олар медициналық көмекті қажет етпеді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ құтқарушылар ана мен баланы ауруханаға жеткізді.
– ТЖД қызметкерлері Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Боран мен аяз күшейіп, Ащысай ауылынан шыққан жедел жәрдем көлігі жүре алмады. Құтқарушылар жоғары өтімді техниканың көмегімен әйел мен оның 2024 жылы туған ұлын Қандыағаш қаласындағы ауруханаға жеткізді, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, боран мен аяз салдарынан еліміздің бірнеше облысында жолдар уақытша жабық тұр. Олардың арасында Ақтөбе де бар.