Ақтөбеде жосықсыз мердігерді тізімге енгізбеген мемлекеттік қызметшілер жазаланады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Тізімге енбеген кәсіпкерлер қайтадан Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 8, 11 рет жеңімпаз атанған. Әдеп кеңесі шенеуніктерді қызметіне толық сай емес деп дауыс берді.

Ақтөбедегі әдеп кеңесінің отырысы
Фото: Алтынай Сағындықова

Әдеп жөніндегі кеңесте Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниатов, Шалқар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов, Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мирамғали Кенжалинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Үшеуі де жосықсыз мердігерді тізімге қоспай, кәсіпкерлердің әрі қарай да мемлекеттік тапсырыс орындауына жол ашып берген.

- Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субьектілерінің 2024-2025 жылдардағы Мемлекеттік сатып алу конкурстары қаралды. Жүктелген міндеттемелердің орындалуына талдау жүргізді. Талдау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес егер мердігер өз жұмысын дұрыс атқармаса іс сотқа беріліп, жосықсыз деп танылады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күнінде жосықсыз компаниялар тізіміне енгізіледі. Талдау барысында уәкілетті органдарға тиісті ақпарат жолданбағаны анықталды. Шалқар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі «Добровка» жеке кәсіпкерін тізімге енгізбеген соң компания қайта Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 11 лот бойынша жеңімпаз атанған. Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы дәл осылай кәсіпкердің 8 рет мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, жеңімпаз болуына кедергі келтірмеген,- деді Шалқар аудандық прокуроры Нұрболат Қатуов.

Әдеп кеңесі кезінде Шалқар ауданындағы екі бөлім басшысын қызметіне толық сай емес түрінде тәртіптік жазаға тарту ұсынылды. Ал Есет Көтібарұлы ауылдық округі әкімі Мирамғали Кенжалинге қатысты тәртіктік іс тоқтатылды.

- Ақталуға келмейтін нәрсе. Себебі бұл деген бюджет қаражаты. Бюджеттің қаражаты болған соң оның 1 тиынының да құны бар. Өйткені сол қаржының бәрін халық күтіп отыр. Кәсіпкерлер міндеттемелерін орындамаса мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүлде құқықтары жоқ,- деді Әдеп кеңесінің төрағасы Айбек Шілманов.

Еске салсақ, бұған дейін Әдеп кеңесінде Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Ибрашевке қатысты іс қаралды. Ол әріптесімен сөзге келіп, екіжүзді деп айтқанын мойындады.

 

Соңғы жаңалықтар