Ақтөбедегі әскери бөлімде бір сыныпта оқыған 6 жігіт Отан алдындағы борышын өтеп жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Олар Түркістан облысы Арыс ауданынан келді. Бәрі де мектеп бітірген соң бірден әскер қатарына шақырылып, өз қалауымен бір бөлімге жіберілді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жас жігіттерҰлттық ұланының 6655 әскери бөліміне келді. Олар әскери ант қабылдады.
— Көктемде 360-қа жуық жас сарбаз қабылданды. Олардың арасында мектептен басталған достықты әскери өмірде жалғастырған достар бар. Алтауы да Түркістан облысы Арыс ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектептің түлектері. Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят бірге білім алып, бірге ержеткен. Мектеп бітірген соң олар әскери борышты да бірге өтеуге уағдаласып, бүгінде Ұлттық ұлан сапында қатар қызметке кірісті, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың аналары қатысты. Бәрі де жейдесіне «Алты ана — бір жүрек, алты сарбаз — ел тірегі» дп жазып алды.
— Біздің ұлдарымыз бала күнінен бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Мектепті аяқтай салысымен әскерге бірге барамыз деп шешім қабылдады. Біз олардың бұл таңдауына қолдау көрсеттік, — дейді сарбаздың анасы Ақбаян Сапарбекқызы.
Айта кетейік, биыл 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке аттанды. Оның ішінде Астана қаласынан 1 284 адам шақырылды. Олардың 703-і — Қарулы күштерге, 405-і — Ұлттық ұланға, 119-ы — Шекара қызметіне, 30-ы — Төтенше жағдайлар министрлігіне, 27-сі — Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.