Ақтөбедегі дауыл кезінде 300-ге жуық нысан бүлінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қарауылкелді ауылында 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданған. Облыс әкімдігі тергеу қорытындысын жариялады.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы дауыл мен нөсен жауыннан кейінгі комиссия жұмысының алғашқы қорытындысы шықты. Нәтижесінде 298 нысанның зақымданғаны анықталды.
Оның ішінде 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және алты әкімшілік ғимарат бар.
— Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов қазіргі уақытта келтірілген шығынның нақты көлемін анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын сөз етті. «Актобе Аудит Строй» компаниясының мамандары техникалық тексеру жүргізіп, қорытынды әзірлеп жатыр. Сараптама жұмыстарын 27 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған. Эвакуациялық пунктке уақытша орналастырылған отбасыларға қажетті жағдайлар жасалып, жатын орындар мен балаларға арналған ойын аймақтары ұйымдастырылды. Мектеп-интернат ғимаратында алты отбасы уақытша көшірілді. Бұдан бөлек, ауылдағы барлық инженерлік инфрақұрылым қалпына келтірілді. Газ, су, байланыс және жарық жұмыс істеп тұр. Ал құлаған мұнараны байланыс операторының өкілдерімен бірлесіп, оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдікке өткен жиында облыс әкімі Асхат Шахаров жұмысты жылыту маусымына дейін аяқтауды тапсырды.
— Барлық қажетті шараны жедел қабылдап, зақымданған нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру қажет. Дауыл салдарын жою белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Зардап шеккен тұрғындарға заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетілуі қажет, — деді ол.
Еске салайық, 2026 жылғы 10 шілдеде қатты дауыл тұрып, байланыс мұнарасы дүкенге құлады. Оқиға салдарынан жүкті келіншек жансақтау бөліміне түсті.
Кейін дауылден кейінгі ауыл жай-күйі көрсетілді. Онда спорт кешені, мешіт пен жастар ресурстық орталығының шатыры, қабырғасының ұшып кеткенін көруге болады. Кейбір үйлер құлап қалды.