Ақтөбедегі кейбір стансада теміржол вокзалын жөндеу жұмысы тоқтап қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Облыста 7 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Алайда құрылысы 20% немесе 30% ғана атқарылған стансалар да бар.

Ақтөбедегі кейбір стансада теміржол вокзалын жөндеу жұмысы тоқтап қалды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысында биыл ескірген теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмысы басталды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Вокзал шаруашылығын модернизациялау дирекциясы батыс өңірлік филиалының басшысы Дәурен Нұрмағанбетовтың айтуынша, 7 теміржол вокзалын жөндеуге 6,7 млрд теңге қарастырылды. Тапсырысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ы берді.

- Алғада құрылыстың 17%, Қарауылкелдіде 23%, Жем қаласында 37% ғана атқарылды. Осының ішінде Алға мен Қарауылкелдідегі жұмыстың тоқтап тұрғанына бір айдан асты. Мердігердің қаржылық жағдайы өте төмен болып тұр. «Құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсайтын ақшасы жоқ. Жұмыс істей алмай тұрмыз» деп айтты. Жем вокзалында да дәл осындай жағдай. Ал Шұбарқұдық вокзалында шатырын жауып, терезесін салып қойды. Алайда ішкі жұмыстарына кірісе алмай отыр. Абаттандыру, перрондағы жұмысқа көп мөлшерде қаржы керек,- деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Вокзал шаруашылығын модернизациялау дирекциясы батыс өңірлік филиалының басшысы Дәурен Нұрмағанбетов.

Қазіргі кезде Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар теміржол вокзалдарындағы жұмыстың тең жартысынан астамы бітіп тұр.

Ақтөбедегі кейбір стансада теміржол вокзалын жөндеу жұмысы тоқтап қалды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Премьер-Министр осы жобаларды жыл соңына дейін толық аяқтауды нақты тапсырды. Қазір жұмыс қарқыны баяу. Бірқатар нысанда жоспарлау мен ұйымдастыруда айтарлықтай кемшілік бар екені байқалады, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Вокзал шаруашылығын модернизациялау дирекциясы батыс өңірлік филиалының басшысы Дәурен Нұрмағанбетовтың айтуынша, тұрақты қаржыландырып, құжаттарды дер кезінде рәсімдесе ғана проблема шешіледі.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстарын кешеуілдеткен өңірлерді атады. Вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт жөндеуден өтпеген. Техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен конструкцияларда әрі қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталған. Осыған байланысты 42 нысан толықтай бұзылды. Бұл өз кезегінде жұмыс көлемін арттыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу мерзімін кешіктірілуіне ықпал етті.

Соңғы жаңалықтар