Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбедегі мейрамханада адамдардың неден жаппай уланғаны белгілі болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мейрамханада санитариялық-эпидемиологиялық, азық-түлікті сақтау талаптары сақталмаған. Жұмысшылары — стафилококк инфекциясы бактериясын тасымалдаушы.

Ақтөбедегі мейрамханада адамдардың неден жаппай уланғаны белгілі болды
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Тұмар» мейрамханасын тексеруді аяқтап, зерттеу қорытындысын шығарды. Нәтижесінде мейрамхана жұмысшылары Staphylococcus aureus бактериясын тасымалдаушы болып шықты.

— Ас үй жабдықтарынан алынған шайындылардан, тағам өнімдерінен және ауыз су сынамасынан ішек таяқшалары тобының бактериялары (ІТТБ) анықталды. Ол үшін микробиологиялық зертханалық зерттеулер жасалды. Зардап шеккен азаматтардан Staphylococcus aureus және ішек таяқшалары тобының бактериялары (ІТТБ) анықталды. Бұл стафилококкты тағамдық токсикоинфекцияның және шартты-патогенді микрофлорадан туындаған жіті ішек инфекцияларының болғанын көрсетеді, — деді Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.

Эпидемиологтардың хабарлауынша, «Тұмар» мейрамханасында тағам дайындау технологиясы бұзылған, тағам өнімдері мен азық-түлік шикізатының қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған, дезинфекциялық режим сақталмаған. Сондай-ақ мейрамхана қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтпеген. Эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы негізінде материалдар Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігіне сәйкес құқық қорғау органдарына жолданды.

Еске салсақ, 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. 

 Жаппай астан улану фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Жалпы Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына барлығы 188 шұғыл хабарлама түскен. Астан уланғандардың 15-і бала. Оларға орташа ауыр дәрежеде түсіп, емделді.