Ақтөбедегі түзету кабинеттерінде ерекше қажеттілігі балалардың құқығы бұзылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Прокурорлар 80-нен астам баланың құқығын қорғады. Ерекше балаларды түзету кабинеттерінде ем-дом уақыты сақталмаған, арнайы құралдар дер кезінде берілмеген.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы ерекше қажеттілігі бар балалардың түзету кабинеттері мен білім ордаларын тексерді. Тексеру кезінде бірнеше бұзушылық анықталды.
— Алға ауданында 75 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде белгіленген 45 минуттың орнына тек 35 минуттан оқытылған. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті арасындағы келісімшарттарда бала екі апта бойы сабаққа келмеген жағдайда келісімді біржақты бұзуға болатындығы жөнінде заңсыз нормалар жазылған. Сонымен қатар апта сайын сабаққа келе алмайтын балалар үшін қашықтан түзету сабақтарын өткізу мүмкіндігі қарастырылмаған, — деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Ал Қарғалы ауданында мүгедектігі бар 13 бала техникалық көмекші және арнайы жүріп-тұру құралдарын ала алмаған. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ерекше қажеттілігі бар 88 баланың құқығы қорғалып, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірлеуді тапсырды.