Ақтөбедегі жарылыс: Көпқабатты үйдің тұрғындарына жатақханадан бөлме дайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Әзірге тек 15 пәтердің тұрғындары орналастырылуы мүмкін.

Ақтөбе қаласы Абай даңғылы бойындағы 5 қабатты үй түгел оқшауланды. Қазір полиция мен ТЖД қызметкерлері пәтер ішін аралап, жарылыстың нақты қалай, неден болғанын анықтауға кірісті. Облыстық ТЖД бастығы Қахарман Оразалин келіп, шұғыл штаб құрылды. Қазір бұл үйдің тұрғындары түгел далада жүр.
- Үй тұрғындары үшін жатақханадан 15 бөлме дайындалып жатыр. Әзірге тек бір подьездегі 15 пәтерге орын беру жоспарланып отыр. Мамандар қарап, тексерген соң нақтысы белгілі болады. Мүмкін одан да көп орын қажет болар, - деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Оқиға орнында бірнеше өрт сөндіру көлігі мен жедел жәрдем бригадасы тұр.
- Сағат 18:33-те жедел жәрдем стансасына қоңырау түсті. Бригада 7 минутта оқиға орнына жетті. Өкінішке қарай, бір адам жедел жәрдем келгенге дейін қаза тапты. Барлығы 4 бригада үйдің жанында тұр. Медицина қызметкерлері, оның ішінде психологтар көмек көрсетті, - деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.
Айта кетейік, бүгін кешкілік Ақтөбе қаласы Абай даңғылында жарылыс болып, бір адам қаза тапты. Жарылыс қуаттылығының мықты болғаны соншалық, терезе 100 метр қашық тұрған үйге ұшып, көліктерді зақымданды. Сонымен бірге қарсы тұрған үйдің терезесі сынды.