Ақтөбедегі балабақшада сәбиді тістеп тастаған оқиғадан соң ата-ана прокуратураға арыз жазбақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде балабақшада 7 жерінен тістеп тастаған оқиғадан соң 1 жастан асқан Дильназ Әлібектің ұйқысы бұзылып, шошынған. Ата-анасы бүгін медициналық тексеруден өткізіп, прокуратураға арыз жазбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе қаласындағы жеке балабақшаға баратын Дильназ Әлібектің беті мен қолын, құлағын өзі қатарлы бала тістеп тастаған. Бақша ішінде болған оқиға кезінде полиция шақырылып, кішкентай қыздың анасы Айдана Ақдәулетова оқиға орнында кешірім берді. Бірақ қызы түнде қайта-қайта шошып оянып, кіші дәреті бұзылған соң медициналық тексеруден өткізіп, прокуратураға шағымданамыз деп бекініп отыр.

«Балабақша меңгерушісі Шынар Оспанова оқиға орнында кешірім сұрап, мен кешірім берген едім. Қазір қызым ауырып жүр. Қорқып қалған, кіші дәретке шығатынын айтпай жүр. Емін жүргізіп жатырмын. Жылайды, түнде шошып оянады. Қызымды тістеп алған баланың да ата-анасы кешірім сұрады. Бірақ біз кішкентай балалардың тобындамыз. Бәрін бала күтушісі мен тәрбиеші мұқият қарауы керек еді. Бүгін баламның құжатын алуға барып едім, тәрбиеші өз жұмысында жүр. Оқиға болған кезде бала күтуші мен тәрбиешінің қызметін атқарған басқа бір адам болған. Негізі тәрбиешісі демалыста жүрген»,- деді Дильназдың анасы Айдана Ақдәулетова. Оның айтуынша, тәрбиешінің орнында жұмыс істеген маман сол кезде асүйде тамақ пісіріп тұрған, ал бала күтушісі өзге сәбилердің қолын жуып, тазалық бөлмесінде жүрген.

«Баламды 7 жерден тістеген. Құлағынан, бетінен, қолынан тістеп тастаған. Бір жерінен тістесе, «үлгермей қалған» деп айтар едім. Қызым қиналған, содан қорқып қалған. Сол күні балабақшаға бар болғаны 6 бала барды. Алғашында кешірім беріп, кейін қызымның қиналғанын көріп, ойланып қалдым. Әркім өз жазасын алуы керек. Медициналық тексеру қорытындысын алып, прокуратураға арыз түсіремін»,- деді  Айдана Ақдәулетова.

Оқиға болған балабақша күнделікті тәртіпте жұмыс істеп тұр. Балабақша меңгерушісі Шынар Оспанова 5 күн бұрын ғана жаңа қызметіне кіріскен екен.

«Жұмысқа енді кіріскен кезде жайсыз оқиға болды. Мен кішкентай қыздың ата-анасынан кешірім сұрап, баланың ата-анасымен сөйлестім. Балабақшада жиналыс өтті. Тәрбиеші жұмыстан шығарылып, бала күтушісі сөгіс алды. Енді мұндай жағдай қайталанбайды, біз барлық жұмысты қолға аламыз»,- деді жеке балабақша меңгерушісі Шынар Оспанова. Оның айтуынша, кішкентай қыздың бетін тістеп тастаған бала балабақшаға бүгін келмеген, ал Дильназ Әлібекті ата-анасы балабақшадан шығарып алды. 

Соңғы жаңалықтар