Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендердің балалары жазғы лагерьге жіберіледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы бойынша биыл 61 мың оқушы жазғы лагерьде тынығады. Олардың арасында көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылардың 90 баласы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдер жазғы лагерьлерде тыныға бастады. Үш ай демалыста барлығы 61 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде уақытты тиімді өткізе алады. Қала мектептері жанынан ашылған лагерьлерде 2 мыңнан астам бала бюджет есебінен тынықса, ата-аналар есебінен 1900 бала үш ауысымда демалады. Ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасы балалары мемлекет қаржысы есебінен қала сыртындағы жазғы лагерьлерде тынығады. Олардың арасында көктемгі су тасқыны кезінде баспанасы зардап шеккен отбасы балалары да бар.

«Көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылардың 7-14 жастағы балалары есепке алынды. Жергілікті бюджет есебінен жазғы демалысты өткізу үшін 90 бала лагерьлерге жіберіледі. Оның ішінде 59 бала мектеп жанындағы, 31 бала қала сыртындағы лагерьлерге барады»,- деді қалалық ғылыми-әдістемелік орталық директорының  орынбасары Жаңылсын Нұрғалиева. 

Айта кетейік, жоспар бойынша 17 мыңға жуық бала мектепте еңбек тәжірибесінен өтіп, 10 мыңнан астам оқушы мектеп ауласындағы спорт алаңдарына бара алады. Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының есебі бойынша биыл 9400-ден астам бала ата-анасымен бірге демалмақ. Олардың арасында шетел асып, теңіз жағасында тынығатындар да бар. Алдын ала есеп бойынша балалар мен жасөспірімдерді жазғы сауықтыру және демалыс орнымен қамту өңірде 99,3 пайызды құрауы тиіс. Тіл үйренемін дегендерге 10 білім ордасында қосымша ақылы курстар ашылады. 

Соңғы жаңалықтар