Ақтөбедегі жол-көлік оқиғасы полицияның шала жұмыс істеп отырғанын көрсетеді - қала әкімі

Ақтөбенің әкімі Ілияс Испанов жергілікті полиция қызметіне тәртіпті күшейтуді тапсырды. Қалалық мәслихат депутаттарының алдында «жол-патрульдік полиция қызметінде жемқорлық бар» деген әкім Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта болған жол-көлік оқиғасына полициясының да жауапты екенін айтты.
«Бір жылға жуық уақыт жұмыс істесем де тәртіпті ретке келтіре алмай отырмыз. Кім, қай жерге жауапты екенін білмей келеміз. Территория бөлінген. Учаскелік полиция қызметкері адамдармен бірге болуы керек. Басты проблема - жауапкершілік жоқ, адамдар жазаланбайды. Жол-патрульдік полициясында да кемшілік бар. Ол жерде жемқорлық, басқа да құқық бұзушылық бар. Соңғы оқиға жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жұмысының шала екенін көрсетті. Айыппұл салу, айыппұл өндіруді де түбірімен өзгерту керек»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.
Айта кетейік, Ақтөбедегі жол-көлік оқиғасынан соң бойжеткен қаза болып , бір адам ауруханаға түскен болатын. Қазіргі уақытта зардап шеккен жігіттің аяғына ота жасалды. Жағдайы орташа ауыр.
«19 жастағы науқастың оң жақ тізесіне ота жасалды. Жағдайы орташа ауыр. Ал көлік жүргізушісіне психологтың көмегі керек болды. Ол бүгін өзінің шашы түсіп жатқанын айтты. Қатты күйзеліске түскен адамда мұндай жағдай болады»,- деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рахымжан Арыстан.