Ақтөбелік еріктілерді ата-аналары Астанаға шығарып салды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының 100 ерікті жасы бүгін Астанаға аттанды. Олар бір ай бойы ЭКСПО қалашығындағы ұйымдастыру жұмыстарына көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ЭКСПО көрмесіне алдын-ала дайындалған 100 ерікті бүгін Астанаға аттанды. Олар бір жыл бойы дайындалып, іріктеуден өтті.
«ЭКСПО халықаралық көрмесі еліміз үшін жауапты шара. Ақтөбелік жастар еліміздің атақ-абыройын арттыратын көрмені ұйымдастыруға, қонақтарды күтіп алып, жол көрсетуге көмектесуді жөн санады. Мен Алматыда өткен Қысқы универсиада кезінде ерікті болдым. Сол тәжірибеме сүйендім және арнайы курстардан өттім. Алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайдың алдын-алуды да меңгердік. Мен мәдени шараларды ұйымдастыру кезінде көмек беремін»,- деді ерікті Қуаныш Баянбаев.
Айта кетейік, ақтөбелік еріктілерді Астанаға шығарып салу рәсімі Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасы мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастырумен өткен шара кезінде еріктілердің көшбасшысына көк туымыз табыс етіліп, жастар флэшмоб өткізді.
