Ақтөбелік оқушы қыздар шолпысы сылдырлап сабаққа барып жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі №31 орта мектептің оқушы қыздары мереке күндері мектепте шолпы тағады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің қыздары мереке күндері шолпы тағады. «Шолпы» клубының мүшелері шашқа тағатын әшекейді өздері дайындап алған.

«Ақтөбе облысындағы «Шолпы» клубы біздің мектептен де ашылды. Қазір 500-ге жуық оқушы қыз осы клубтың мүшесі. Олар үшін арнайы бөлме берілді. Қыздар бос уақытында қолөнер бұйымдарын дайындайды, кейбірі оны сатады. Алдағы уақытта түлектеріміздің бизнесіне айналады деген сенім бар. Әрі бұл ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуға арналған жұмыс»,- деді мектеп мұғалімі Орынгүл Ідірісова.

№31 орта мектепте барлығы 1500-ге жуық оқушы бар. Олардың 800-ден астамы қыздар. Ұстаз Орынгүл Ідірісованың айтуынша, қыздардың 80 пайыздан астамы бұрымды. Бір-бірінің шашын өріп, үлгі көрсететін қыздар қаладағы қыз сынына жиі қатысып тұрады.

null 

«Оқушы қыздар үнемшіл, кішіпейіл. Олар туған күніне берілген моншақтарды, анасына қажет болмаған әшекейді әкеліп, жаңа бұйым дайындайды. Қыздар өздері тағып жүрген шолпының жасалуын ақтөбелік шебер Болат Атраубаевтан да үйренді. Сонымен қатар, тарихи-өлкетану мұражайына барып, әшекейлердің шығу тарихымен танысты. Қазір олар шолпы мен өңіржиек жасайды. Бәрі оның шығу тарихын біліп, шолпы тағуға ұмтылады»,- деді Орынгүл Ідірісова.

null 

Айта кетейік, қазіргі кезде №31 орта мектептің бұл тәжірибесін өзге білім ордалары үлгі етіп, тәрбиелік әдістеме ретінде қолданысқа енгізіп жатыр.

 

 

Соңғы жаңалықтар
telegram