Ақтөбелік өнерпаздар қызылордалықтарды өнерімен тәнті етті
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 23-26 сәуір аралығында бұл өңірде Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтуде. Сыр еліне ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өңірден 200-дей адам келді. Алдымен «Алақай» қуыршақ театрының ұжымы мультишоу, оңтайлы сандық планетарий бағдарламасын көрсетсе, театр фойесінде танымал ақтөбелік суретшілердің туындылары, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марат Габдрахмановтың күміс пен қоладан құйған мүсіндері көрмеге қойылды.
Мәдени шараға қала тұрғындары көп жиналды. Онда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымдары, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр, камералық хор, «Аққу» би ансамблі және Мирас-Құралай Бекжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар сынды әншілер көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Қайыржанқызы өз кезегінде бұл аймақтар арасындағы байланысты нығайта түсетінін атап өтті.
Енді ақтөбелік ұжымдар Жалағаш, Қазалы, Арал аудандарында болып, әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашпақ.