Ақтөбелік аудиторлар 18 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде аудиторлар қаржының мақсатты жұмсалу жолы тексерді. Нәтижесінде 17,9 млрд теңгенің бұзушылығы анықталып, тауар жеткізу, қызмет көрсету, жұмыс орындау және бухгалтерлік есеп жүргізу есебінен қаржы бюджетке қайтарылды.

финансы
Фото: freepik

Ақтөбе облысы тұрғындары және кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен онлайн кездесуде ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров өңірдегі бұзушылықтарды тізбектеп берді.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында 107 тексеру жүргізілген. Онда қазынадағы 28,9 млрд теңгенің мақсатты жұмсалуы тексерілді.

Аудиторлар 18 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтарды анықтаған.

Оның ішінде 17,9 млрд теңге тауар жеткізу, қызмет көрсету, жұмыс орындау және бухгалтерлік есеп жүргізу есебінен бюджетке қайтарылды. 

— Біздің міндетіміз — бюджет қаражатын мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету. Яғни, бір де бір теңге тиімсіз жобаларға жұмсалмауы тиіс, — деді комитеттің төрағасы Ержан Мыңжасаров. 

Е. Мыңжасаров өңірлердегі автомобиль жолдарының құрылысы тікелей Президенттің қатаң бақылауында екенін және комитеттің облыстарда жол құрылысы бойынша бақылау мен тексерулер жүргізетінін атап өтті.

Мысалы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы тексерулер бұл салада бірқатар кемшілік пен бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Тексерулер көбіне халықтан түскен шағымдардың негізінде жүргізілген. 

Еске салсақ, аудиторлар Жайсаң арнайы білім беру ұйымында қызметкерлер жұмыс істемеген күндеріне де жалақы алып келгенін анықтады.

Ал Мұғалжар ауданында әкімдік 5 ауылды интернетпен қамту үшін ақшаны алдын ала бөліп, жұмыс кеш іске асырылған. 

Соңғы жаңалықтар