Ақтөбелік емші Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға жала жапқаны үшін айыппұл төлейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша қаралды. Құқық бұзушы айыпты деп танылып, оған 1,5 млн теңге айыппұл салынды.
Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ақтөбе қалалық полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановның айтуынша, биыл 15-мамыр күні Е-өтініш порталы арқылы Баян Алагөзова мен Динара Сәтжаннан Бағдагүл Лепесоваға қатысты арыз түсті. Бір күннен соң қорғаушылары инспекторға бейнежазбаны ұсынады.
Бағдагүл Лепесованың өзі бұл кезде Астанада қаласында болып, 25 мамыр күні Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Кейін іс құжаттары, яғни, бейнематериал сот сараптамасына жіберіледі. Сараптама қорытындысы бойынша «жала жабу» дерегі расталады. Іс 20-шілде күні сотқа жолданады.
Сот отырысында құқық бұзушы Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспеді, парақшасына мұндай видео салмағанын айтты.
— Менің өз әлемім бар. Бұл кісінің әлемін мен түсінбеймін. Өзіме тағылған айыптың ешқайсысын мойындамаймын. Видео менің парақшамда тұр ма? Жоқ. Менің парақшам болмаса бұл кісілерге қалай жауап беремін? Мына жердегі менікі емес. Біреулер үшін жауап бере алмаймын, — деді Бағдагүл Лепесова.
Оның қорғаушысы да сотта бейнежазбалардың монтаж болуы немесе ЖИ пайдалану арқылы жасалуы мүмкін деген негізді уәж келтірілгенін айтты. Әрі сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды, бейнежазбаны жариялаған екі аккуант иесін тауып, сотта жауап алуды сұрады.
Талапкер Баян Алагөзова сотқа онлайн қатысты. Ол бейнежазба өзінің ар-ожданына тигенін, кешірім бермейтінін, медиациялық келісімге келмейтінін айтты.
— Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Қазақстан азаматының ар-ожданын қорлауға, кемсітуге болмайды. Мені қорлады, кемсітті. Мұның бәрін тыңдап отыруға лайықты емеспін. Барлық порталдан көрдім. Осы себепті тіпті TikTok аккуантты өшіріп тастадым. Тұлға, адам ретінде еңсеңді езіп жібереді. Есірткіге тәуелді, мемлекеттен ақша алып, жігіттерді жалдайды, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды деп айтқан. Көп қорлап, жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын. Кез келген сараптама, тіпті қарапайым адам мұның ЖИ емес екенін дәлелдейді. Оның кешірім сұрағаны керек емес, кешірмеймін. Медиациялық келісімге бармаймын. Бұл барлығына сабақ болса екен деймін. Қазір интернетте адамдарды қорлап, кемсітеді. Ал біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Осы сот арқылы басқалар да әлеуметтік желіде ешкімді қорлауға жол берілмейтінін көруі керек, — деді ол.
Сот қаулысы бойынша Бағдагүл Лепесова айыпты деп танылды.
— Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2 бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сай түпкілікті 1 557 000 теңге әкімшілік айыппұл салынсын. Айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс, — деді судья Анар Айтжанова.
Айта кетейік, Бағдагүл Лепесоваға қатысты қылмыстық іс те тіркелген. Іс Астана қаласында Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша қаралып жатыр.
Еске салсақ, елімізде полиция әлеуметтік желі сөз арқылы бейәдеп сөз айтқан адамдарды анықтап, жазалап жатыр. Шымкентте ер адам 10 тәулікке қамауға алынды.
Қызылорда облыстық Полиция департаменті де әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізді.