Ақтөбелік шаруалар шегіртке ошақтары туралы уақтылы хабарлап отыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы бойынша 784 мың гектардан астам аумақта улау жұмысы жүргізілуі тиіс. Қазіргі кезде 317 мың гектардан астам жер өңделді. Шегірткені улау жұмысы жәндіктің жасына қарай жүргізіледі. 

шегіртке
Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысында италиялық және азиялық шегірткені улау жұмысы жүріп жатыр.

Қазіргі кезде өңірде 784 мың гектардан астам аумақ өңделуі тиіс болса, оның 777 мың гектардан астамында италиялық шегірткеге қарсы күрес жұмысы жүреді. 

Бұл жұмысқа барлығы 105 техника жұмылдырылады. Арасында Ан-2 ұшағы, дельтаплан немесе аса жеңіл ұшақ, аэрозольды генератор мен УАЗ автокөлігіндегі жер үсті бүріккіштері бар.

Биыл өңдеу жұмыстарына қажетті улы препараттар Ақтөбе облысына уақытылы жеткізіліп, аудандарға таратылды. Шегіртке дернәсілдері шыққаны туралы ақпарат алған сәтте улау жұмысына мердігерлер жіберіледі. 

— Мамыр айында жұмыс басталды. Алдымен ауа райы ыстық Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Байғанин аудандарында улау жұмысы басталып, жалғасып жатыр. Қазіргі кезде барлық 12 ауданда шегірткенің шығуы байқалды. Тиісті мониторинг жұмыстары кезінде ошақтарда химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша 317 мың гектардан астам аумақта өңдеу жүргізілді. Бұл италиялық шегіртке шығуы мүмкін аумақтың 41% құрайды. Негізі 777 мың гектардың 306 мың гектары Әйтеке би ауданында орналасқан. Бұл облыстағы аграрлық аудан. Облыс бойынша Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері ең соңынан шығып тұр. Бүгінде ауданда 18 мың гектардан астам аумақ өңледіп тұр. Мұнда қажетті препарат пен 28 техника бар. Жұмыс атқарылып жатыр, — дейді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров. 

Үйірлі шегірткемен қатар өңірде саяқ шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы да жүргізіледі. Облыс бойынша 46 мың гектардан астам жер саяқ шегірке жүретін аумаққа жатады.

Бүгінде 23 мың гектар аумақта шегіртке ошағы анықталса, соның 22 мың гектарға жуығында химиялық өңдеу жүргізілді. 

— Ақтөбе облысы бойынша 433 мың гектар жерде италиялық шегіртке дернәсілі анықталды. Оның ішінде 327 мың гектар жерді улауға жатады деп белгіленді. Жалпы облыс бойынша дернәсілдер ең бірінші 3-мамыр күні шықты. Дернәсіл төрт толқынмен шықты. Олар: 3, 11, 17 және 22 мамыр күндері. Италиялық шегіртке ұшқан кезде жұмыртқасын 5-8 см тереңдікке салады. Ауа райына және топыраққа байланысты әртүрлі уақытта шығады. Сол себепті бізде 2-3 жаста химиялық өңдеу жүргізіледі, — деді «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Ақтөбе облыстық филиал басшысы Гарифулла Жолаев. 

Жергілікті атқарушы органдардан 128 адам бөлініп, олар мониторинг жұмысына тартылды. Сонымен бірге Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығынан 64 анықтаушы бөлінді. 

Қоғам белсенділері мен Ақтөбе фермерлік орталығы, Ауыл шаруашылығы фермерлерінің қоғамдастығы хабар беріп отырады. Фото, видео ақпарат мердігерлерге жіберіледі. 

Айта кетейік, облыс бойынша егін немесе жайылым жердің жарамсыз болып қалу дерегі тіркелмеді. Жалпы улау жұмыстары ауа райына байланысты жалғасады. Ыстық болып, тез тараса жұмыс күшейтіледі. 

— Біздің компания 26 жылдан беру улау жұмыстарымен айналысады. Биыл біз саяқ шегірткені улау жұмыстарына жауаптымыз. Бұл 46 мың гектардан астам аумақ. Оның 22 мың гектарын өңделді. Қобда, Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы, Алға аудандарында жұмыс атқарылып жатыр. Саяқ шегірткені улау кезінде химиялық препаратты өзіміз сатып аламыз. Оған 30 млн теңге қаржы жұмсалды, — деді «Ақтөбе құнарлылық» ЖШС басшысы Едірес Жиенқұлов.

Еске салсақ, шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин өңірлердегі жағдай туралы баяндамаларды тыңдады.

Онда Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері көбейе бастағаны айтылды. 

Соңғы жаңалықтар