Ақтөбелік тұрғын бір отбасы мүшелері үшін зираттан орын алып қалмақ болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұны сенімгерлік басқару компаниясы директорының орынбасары аралау кезінде байқап қалған. Кейін бейіт құрылысын тоқтатуды талап етті.

қорым
Фотоны Мейрамбек Рсымов ұсынған

Оқиға Ақтөбе қаласындағы зираттардың бірінде болды. Ұлынан айырылған отбасы сол аумақты белгілеп, ата-анасы мен келініне деп орын дайындайды. Ол үшін іргетасын да құйып бастаған. Аумаққа жауапты «Financial World» ЖШС-і директорының орынбасары Ануар Кужанов бақылау, аралау кезінде анықтап, бірден талапты түсіндірді.

- Біздің компания 2022 жылы 45 зиратты сенімгерлік басқаруға алды. Күн сайын аумақты қарап, бақылап жүреміз, күтімін жасаймыз, қоқыстан тазартамыз. Жаз айында мұнда тұрмыстық қалдық тастап кететін адамдар көп. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдын аламыз. Бұл жолы да солай болды. Мен үлкен аумақта жұмыс істеп жатқан адамдарды көріп, көлікті тоқтаттым. Мұнда бір отбасының баласы жерленген. Әрі қарай оның ата-анасына, тіпті келініне де орын алып қалғысы келіп тұр. Бұл дұрыс емес. Бізде ерлі-зайыптының бірі көз жұмса, екінші орынды қалдырады. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ бір әулетке орын алып қалуға болмайды. Жер жеткілікті, ол үшін уайымға салынбаған жөн,- деді Ануар Кужанов.

Айта кетейік, елімізде әр адамға зираттан 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Екінші адамға орын алуға рұқсат бар. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы зираттардың көбі толып, жабылып жатыр. Сондықтан қала әкімдігі тағы 65 гектар жер бөлінді. Сенімгерлік басқару компаниясы бұл жерге инфрақұрылым жүргізіледі.

Бұған дейін Атыраудағы зираттардың бірінде адам сүйегі шашылып жатқаны туралы жазған едік. Бұл жағдай Атырау облысы Жылыой ауданындағы Ескі Қаратон елді мекеніндегі көне зираттың аумағында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, аталған қорым ХХ ғасырдың басына тиесілі