Ақтөбелік ұстаз ауыл балаларына садақ атуды тегін үйретіп жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбелік ұстаз садақ тарту өнерін дамытып, өзі үйренгенді, өзгеге үйретіп жүр. Сәндігүл Әленова Шалқар ауданында тұрса да елімізде Ақтөбенің атынан жарыстарға қатысады. Наурыз мерекесінде ұлттық спортты дамыту жобасын іске асырудағы табанды еңбегі жайлы Kazinform тілшіне айтып берді.
- Ақтөбеде садақ ату, садақ тарту туралы ара-тұра естіп қалғанымыз болмаса, кәсіби маман барын білмейміз. Біз үшін Шалқардағы мұғалімнің осы спортты дамытып, еліміздегі жарыстарға облыс атынан шығып жүргені қызық. Қол күшін қажет ететін спорт түрін таңдауға не түрткі болды?
- Өзім Шалқар қаласында туып-өстім. Қазір ата-анаммен, екі сіңліммен бірге сол қалада тұрамын. Жоғары оқу орнын бітірген соң 2 жыл Ырғыз ауданы Қалыбай негізгі мектебінде физика пәні мұғалімі қызметіне орналастым. Кейін Шалқар қаласына ауысып, мамандығым бойынша еңбек жолымды жалғасырдым. Жас маман үшін мектепте бәрі қызықты болды. Оқушылар, сабақ уақыты, білім жетілдіру курстары, семинарлар, түрлі кәсіби спорттық шаралар, бәрі-бәрі қыз-қыз қайнап жатты. Жаңа нәрселер үйренген сайын тағы не меңгеруге болады деп алға ұмытыла беретін кез еді. Аз уақыт қана жұмыс істесем де өзімді біршама жетістікке жеткен, шебер маман ретінде көретін болдым. Тек көкейімде бір сұрақ болды, ой мазалай бастады. «Мен не істеп жүрмін? Қайда бара жатырмын?» деген.

Содан 2015-2016 жылдары ағылшын тілін меңгермек болып, оқу орталықтарын іздегенде Медина Төлегеновамен танысып, сабақ ала бастадым. Мұғалім ретінде оның дүниетанымы, әдістері, білімді жеткізуі, қарапайым нәрселердің мән-мағынасына терең үңіліп қарауға бағыттауы мен үшін үлкен жаңалық болды. Әр сабағына «бүгін не үйретеді, қалай үйретеді екен» деген оймен келетін болдым. Әр сабаққа бос ыдыстай «мен ештеңе білмеймін» деп келетінмін. Ештеңе білмейтініңді білгеннің өзі сондай бақыт боп сезіледі.
Бұрын тек білу үшін, оқушыға жете түсіндіру үшін түрлі біліктілікті арттыру курстарына қатыссам, бұл жолы сол көрген нәрседен, құбылыстардан ғибрат алуды, оны жеткізе білуді ұғынып, білімге деген көзқарасым өзгерді. Сабақта түрлі пікір алмасып, «қайтсек өзіміз өмір сүріп отырған ортаға оң өзгерістер әкеле аламыз?» деген ойларымыз бір арнаға тоғысты. Арамызда достық орнап, беки түскенін білдім. SDU бітірген IT маманның Шалқарға қайтып келіп, елге риясыз қызмет ету ниеті, білім беруге деген ықыласы, оқушыларына деген махаббаты қуантты. Елге, туған жерге шын жаны ашитын адамның арамызда жүргені жаңа бастамаларды қолға алуға жігерлендіре түсті.
Сөйтіп садақ тарту, атуға деген қызығушылық 2019 жылы басталды. Әлеуметтік желі арқылы Ақтөбеде садақ ату клубы ашылғанын көрдім. Қызығып, досым екеуімізге екі садақ сатып алдым.
- Жаңа дүние сатып алдыңыз, кейін оны қалай қолдандыңыз?
- Кейін садақ тарту өнерін зерттей бастадым. Жан-жақты ақпарат жинап, жауынгерлік өнер жайына қанықтым. Тапсырыс берген садақ көктемде ғана қолыма тиді. Оған дейін тіпті түсімде көріп, түсімде де атып үйрендім. Ақтөбе қаласындағы садақ ату орталығына барып, бір күн бір сағат сабақ алдым. Өзіме тиесілі садақты алып, атып көргеннен кейін әсері ерекше екенін түсіндім. Рухың көтеріліп, нысанаға оғың тигенде көңілің шаттанады. Содан күннің ызғарына қарамастан сағаттап далада жүрдім. Өзіңе ұнаған іс болған соң уақытпен санаспай жүре береді екенсің.

Бұл 2020 жыл болатын. Жаңа нәрсені үйренуге жол ашылғанына қуандым. Садақтың тарихи құндылығы өз алдына, бұл қайтпас қайсарлыққа, төзімділікке, сабырға, мақсатқа жетуде табандылыққа, ұстамдылыққа тәрбиелейтін үлкен тәрбие құралы. Садақ атудың бір ерекшелігі, бұл өнер жасты талғамайды. 7 жастан асқан кез келген адам бірдей айналыса алады.
- Ал садақ ату үйірмесін ашу ойы қайдан келді?
- Садақ ату өнерін зерттеген сайын оның денсаулыққа пайдасын, мәдени құндылығын терең түсініп, қол үзіп алған ұлттық өнерді қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Садақ атушылар арасында тәжірибе, пікір алмасып, игі басамаларды бірге көтеретін орта құрылса деген арман болды. Бұған дейін өзім айтқан «Қайда бара жатырмын?» деген сұрағыма жауап тапқандай болдым.

Сол жылдары ауданда БҰҰ «Даму» бағдарламасы аясында жобалар іске асырылып жатты. Жобаға 1,9 млн теңге бөлінетінін білдім. Шалқарда алдымен воркаут алаңы салынды. Тағы екі жобаны қолдауға мүмкіндік бар екенін білгенде досым Медина алдымен білім мен мәдениетті дамытып, қалыптастыруды ұсынды. Оның айтуынша, содан кейін ғана өзгесін дамытуға болады. Ал мен бос уақытта спортпен шұғылданған жөн деймін. Екеуміз ақылдаса келе, коворкинг орталығын ашуды жөн деп таптық. Бірақ бұл істі өзгелер қолға алған екен. Сөйтіп досым маған садақ ату жобасын дайындауды ұсынды. Алдымен оның ұлттық спорт, өнер екенін ұғындырып, мәдениетін қалыптастырып барып, іске кіріспекке ұмтылдық.
Жоба бойынша тегін қызмет көрсетілуі керек. Оған ғимарат та қажет болды. Шалқар ауданы әкімдігіне барып, Ақтөбе облысы бойынша садақ атуды бірінші боп қолға алуды ұсындым. Әкімдік қолдап, екі спорт мектебінің бірін таңдауға рұқсат берді. Шалқар аудандық аула клубының директоры Мәмбетов Нағашыбай Таласбайұлы бірден келісімін беріп, өзіне шақырды. «Бұл спорттың болашағы бар, осы жерден аш, қандай көмек керек» деп қолдай кетті.
Халықаралық ұйымға ұсынған алғашқы жоба көп ұзамай қолдау тапты. Бұл біз үшін алғашқы үлкен жоба болды. Досым Медина, аула клубының басшысы Нағашыбай Таласбайұлы, клуб жастары болып жобаны жүзеге асырдық. Қиындық құжатты реттеу кезінде көп кезікті. Садақ ату алаңының жөндеу жұмыстарын жүргізу, құрал-жабдықтарды дайындап, әр сатып алған дүниенің құжатын тапсыру, тексеру сатысынан өттік. Күрделі, бірақ маңызды жоба іске асты. Бос уақытты тиімді ұйымдастыруға жол ашылғанына, Шалқар үшін жаңа өнер түрінің қалыптасуына, әртүрлі саладағы жастардың басын қосатын орта болғанына қуандым. Себебі қолыма диплом алып Шалқарға келген соң бір жыл жұмыссыз отырдым, әрі спортпен айналысуға мүмкіндік болмады. Жастар жиылатын орталықтар жоқ еді. Тек мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жастар үшін ғана мектепте кеш қалып, волейбол, баскетбол ойнауға мүмкіндік болатын, ал қарапайым тұрғынға қолжетімсіз.

Бір айта кетерлігі, дәстүрлі садақ ату жарысына келмейтін садақ алып қойыппын. Бірақ әуесқойларға тиімді болды. Пандемия кезінде шектеулер ескеріліп, 5-6 адамнан жаттықты. Студенттердің бәрі ауылда болып, үйірмеге сұраныс артты.
- Оқушылар үйірмеге қатысты ма?
- Алғашқы жылы жастар, кейін оқушылар үйренді. Бірте-бірте қызығушылар жасы өзгерді. Бір қиыны, менде осы саланың дипломы болмады. Дене шынықтыру пәні мұғалімі болмаған соң ұйымдастыру кезінде кедергі кездесіп, жауапкершілік арта түсті. Кейін өзім танитын адамдардың балаларына ғана үйреттім. Ал биыл жұмыс қайта жанданды. Дегенмен, аула клубы тарлық етіп жүр. Қашықтығы 7 метр ғана. Қыста тоқтап қалдық. Қаңтар айында №8 ЖОББМ директоры Рита Басмағанбетова мектеп спорт залын ұсынып, жаттығуларымыз қайта жанданып жатыр. Садақшыларды сенбі-жексенбі күндері түске дейін шақырамын. Тұрақты келетін 5-6 оқушы мен 15-20 ересек адам бар. Кейде мектептің мұғалімдері мен еден жуушысы да садақ тартып көреді. Кейбіріне дәстүрлі садақ алу туралы ұсыныс бердім. Өнерге қызыққаны құны 150 мыңнан асатын садақты сатып та алды. Бұл ұлттық өнердің осы түрі қайта жанданғанын білдіреді.

- Өз шеберлігіңізді шыңдауға уақыт табасыз ба?
- Жаттығу кезінде өзіме уақыт таппай жатамын. Өзім жаттықтырушы болғаннан кейін садақ атып жатқан адамдарды бақылап, ату алаңының қауіпсіздігін сақтау да ойды жинақтауға кедергі келтіреді. Кейде бәрін таратып, жалғыз қалып садақ атқан ұнайды. Сол кезде шеберлікті шыңдауға мүмкіндік бар. Бұл жерде өз нысанаңа ойдың жоғары концентрациясы, фокус керек. Барлық спорт сияқты садақ ату үшінде арнайы жаттығулар жасалады. Қолдың, белдің, арқаның бұлшық еттерін де қыздыру керек. Жаттықтырушысыз өздігімнен жаттығып жүрген соң мұның бәрін мен жарыстарға барғанда көріп, арнайы видео сабақтар қарап үйреніп алдым. Әлеуметтік желіден вегр, түрік садақшыларының жаттығуларын қараймын. Қазір 30 метрден садақ тартып жүрмін. Негізі 30 - 60 метр аралығында болады. Ол үшін жазда далалыққа шығу керек. Қыс мезгілінде жарысқа дайындалуға мүмкіндіктер аз, ату алаңы жоқ.
- Жарыстарға қатыстыңыз ба?
- 2022 жылы ел біріншілігіне бардым. Әр жарыс тәжірибе алуға, шеберлікті шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік деп білдім. Себебі тәжірибелі садақшылармен пікір алмасып, өзіңмен-өзің жарысуды үйренесің. Садақ атуда өзіңе өзің қарсылас боласың, оймен жұмыс істейсің. Ату алаңына шыққанда алдыңда нысана бар, өзің барсың, қолыңда садақ пен оқ, садақты тартып, деміңді ұстап, оқты кірістен жібергенде ұшып бара жатқан оқ, мақсатқа ұмтылған өзіңдей сезіледі. Бұл жерде адамның рухани тәрбиесі де бар. Өзіңді зерттей бастайсың.
Сонымен бірге Шымкентте өткен Азия кубогына қатыстым. Оған өзім ғана емес, жастарды апардым. Орынға ие болмадық, бір жағынан садақ сынды. Көңіліме кірбің түсіргені осы болды.
Көп ұзамай жаз айларында республика бойынша «Мергендер мекені» реалити жобасы басталды. Батыс аймақ бойынша Ақтау қаласында іріктеуден өтіп, Астана қаласына финалдық кезеңдерге жолдама алдым. Сайыс тартысты әрі қызықты болды.
Садақшылардың барлығына ортақ шарт қойылып, садақ пен оқты өздері берді. Кезекті сайыс басталғанша қандай нысана, қандай қашықтықта атылатыны айтылмады. Әр күні әртүрлі нысан, әртүрлі қашықтық таңдалды. Ер адам үшін де, әйел үшін де шарт ортақ. Сол сайыстан төртінші орынды жеңіп алып, 1 000 000 теңге көлемінде жүлдеге ие болдым. Алған ақшама жаңа садақ сатып алдым.

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша «Жебе» дәстүрлі садақ ату федерациясы ашылды. Сол федерацияның вице-президенті болдым. Алдағы уақытта жарыстар ұйымдастырып, осы саланы кеңінен дамытқымыз келеді. Тек мектеп емес, балабақшада да садақ ату өнерін үйрету маңызды.
- Сәттілік тілейміз!