Ақтөбеліктер мәйіттік донорды шетелден іздеуге мәжбүр
Елімізде, соның ішінде Ақтөбеде мәйіттік донор мүлде тоқтап қалды. Қазір өңірде тек бауырынан, туысынан екі бүйректің бірін алып-салу отасы жасалып жатыр. Ал кейбір науқас шетелге барып, ота жасамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша биыл 6 адамға бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Бәрі де туыстық донор. Қазір медицина саласында шешімін күтіп тұрған мәселенің бірі осы болып тұр.
Себебі туыстық донор кез келген уақытта табылмайды, әрі бір емес, екі адамның денсаулығына күтім керек. Ақтөбелік трансплантолог Мылтықбай Рысмаханов саладағы кедергілер мен қиынтықтар туралы айтып берді.
Бес жылда бір де бір мәйіттік донор болмады
Статистикаға көз жүгіртсек, трансплантология саласы елімізде 2009 жылдан бастап қолға алынды. Ал 2014 жылы Ақтөбеде алғаш рет ағза ауыстыру отасы жасалды. Ол кезде мәйіттік донордың үлесі басым болды.

Трансплантолог дәрігер Мылтықбай Рысмахановтың айтуынша, 2017-2018 жылдары 9 мәйіттік донор тіркелді. Ал 2018 жылдан бастап мәйіттік донор мүлде тоқтады. Соңғы 5 жылда ешкімнің ағзасы алынбады.
- Қоғам белсенділері, журналистер «дәрігерлер адам ағзасын ұрлап, сатып жатыр» деп айтып, шулады. Депутаттар да айта бастады. Сол кезде халық қолдап кетіп, мәйіттік донор тоқтады десек те болады. Биыл 9 айда еліміз бойынша бір-ақ донор болды. Ал бір донордың өкпесін, жүрегін, бауырын, екі бүйрегін, көзін алуға болады. Жарайды, бауыр, бүйректі тірі донордан алса, жүректі тірі донордан ала алмайды. Сондықтан мәйіттік донор керек. Күтіп отырғаны қаншама? Үш мың адам ресми түрде бүйрек ауыстыруды күтіп отыр. Біз адамдардың нақты неше жыл күте алатынын айта алмаймыз. Ол дерттің ауырлылығына, адам ағзасына байланысты,- дейді Мылтықбай Рысмаханов.
Бүйрегі ауырған адамдар үшін гемодиализ тағайындалады. Бұл медицина жетістігі. Алайда диализ бүйректің 50-ге жуық қызметін толық атқара алмайды. Бар болғаны 2-3 функцияға мүмкіндігі жетеді.
Ислам мемлекеттерінде мәйіттік донор жақсы дамыған
Ақтөбе облысы бойынша 300-ден астам адам донорды қажет етеді. Ел бойынша өңірлерге бөлінгенімен, бәрі де республикалық орталыққа тіркеледі.
Орталықтың әр аймақта үйлестірушісі бар. Тіпті әр ауруханада стационар үйлестірушілер миы өлген адамдардың туыстарымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бірнеше саты, бірнеше мүмкіндік қарастырылғанымен, әзірге адамдарды райынан қайтару мүмкін болмай тұр.
- Мәйіттік донор пайда болған кезде компьютер таңдап, қайсысы сай келетінін анықтайды. Дәрігердің ешқандай қатысы жоқ. Ақтөбеден шықса, осында жасайды. Еліміз бойынша 4 мыңнан астам адам күту парағында тұр. Жылына оның 100-110-ы кезегін күтпей, қайтыс болады екен. Сондықтан бізде туыстарынан алады. Басқа амал жоқ. Әр облыста этикалық комиссия бар. Олар шешім шығарып, бізге құжат береді. Содан кейін ғана ота жасалады. Бізде туысқандардан тек бүйрек алып, ота жасайды. Биыл 6 ота жасалды,- деді Мылтықбай Рысмаханов.
Оның айтуынша, Қазақстанда ғана емес, Ресейде де осындай жағдай. Қырғызстан, Өзбекстанда мүлде қиын.
- Біздің бір дәрігер қыркүйек айында Иранға барып келді. Шираз қаласында болды. Олар жақта бәрі басқаша. Иран – ислам республикасы. Бірақ сол Шираз қаласында жылына 1500 мәйіттік донор болады екен. Тек бір ғана аурухананың ішінде. Олар тірі донорды пайдаланбайды екен. Күту парағында тұратындар шамамен 8-9 ай, ең көбі 11 ай күтеді. Бұл дұрыс. Әлем бойынша мұндай отаны ешкім ақылы жүргізбейді. Тек Беларусь елінде бар. Бұл ел мәйіттік донорды қолдану бойынша әлемде 6-7 орында тұр. Мәселен жылына 150 донор шықса, 10 пайызын өзге елдің адамдары қолдана алады. Олардың халқы 9 млн. Өздерінен алтылғанын шетелдіктерге ауыстырып, жасап береді. Сондықтан көбі сонда барады,- деді Мылтықбай Рысмаханов.
Шетелдегі ота үшін шамамен 40 млн теңге қажет – науқас
Ақтөбеліктерге жақсы таныс волонтер Нұрбек Жалғасбаевтың қос бүйрегі қазір өз қызметін атқара алмайды.
Алдымен бір бүйрегі ауырды, арада 7 жыл өткенде гемодиалозге тәуелді болып қалды. Жақын адамдарының арасынан донор іздегенімен, қазір мәйіттік донор ғана өмірімді сақтап қалады деп отыр.
Ол үшін кезек күту керек немесе шетелден ем алуға болады. Кезек күтуге уақыт тапшы, ал шетел үшін шамамен 40 млн теңге қажет.
Бұл шешімге келу ерікті үшін оңай болмады.
- Бүйрек ауырған соң ішкі құрылыстарыма су тарап кеткен. Оны емдеу үшін Астанаға келдім. Бірер күнде ауруханадан шығып, Ақтөбеге қайта ораламын. Өзім отаны шетелде, Беларусь елінде жасатуға шешім қабылдадым. Сол жолмен ем алған адамнан кеңес алдым. Қазір екіжақты келісім жүрді. Алдымен ақша жинауым керек. Сол қаржыны аударсам, барып, тексеріп, отаға дайындайды. Ақша жинаудың басталғанына бір айдан астам уақыт болды. Қажет қаржының тең жартысы бар. Кәсіпкерлер мен қарапайым адамдар да аударып жатыр. Мен өзі қиналсам да оны көпшілікке көрсетпейтін адаммын. Жаным қатты қиналған соң амал жоқ бардым осы қадамға. Шын мәнінде гемодиализбен-ақ жүре беруге болатын еді. Бірақ дәрет шықпайды, ол қиын. Өзім үшін видеоға түсу де оңай емес. Қазір көшеден көріп, қолыма мың теңге болса да ұстатып кетіп жатады. Өзім ыңғайсыз болып қаламын. Бірақ амал жоқ. Хабарландыруды өзім бастадым. Туыстарым көндірді,- дейді Нұрбек Жалғасбаев.

Нағашы ағам донор болды
Биыл ота жасалған 6 насқастың бірі – 22 жастағы Еркебұлан. Ақтөбе медицина орталығының трансплантолог дәрігері Мылтықбай Рысмахановтың емделушісі отадан соң екі апта ауруханада жатты. Болашақ стоматолог бір жылдан астам уақыттан бері ем алып жүр. Енді оқуын әрі қарай жалғастырады.
- 2021 жылы анализ тасырған кезде креатин жоғары болды. Ақтөбе қаласындағы нефрологқа келіп, дәрі іштім. Алматыда оқуда жүрген кезім еді. Диета дұрыс болмаған сияқты... Креатин түспей, көтеріліп кетті. 2022 жылы ақпанда диализ қабылдай бастадым. Сөйтіп 1,5 жылдай жүрдім. Содан кейін нағашы ағам донор болуға келісті. Анамның туған інісі. Ота екі апта бұрын жасалды,- деді ем ашулы Еркебұлан.
Қызылорда облысы Қазалы ауылының тумасы дертке шалдыққан соң ата-анасымен бірге Ақтөбеге қоныс аударған.
Енді ол көп күш жұмсайтын ауыр жұмысты істей алмайды, бірақ қалыпты өмір сүруге еш кедергі жоқ.
- Әлем бойынша тірі донордан ағза ауыстырғаннан кейін бір жылдық өмір сүру 95 пайыз, 5 жылдық өмір сүру 90, 10 жылдығы 80-85 пайызды құрайды. Диализге таңылған адам аптасына үш рет төрт сағат аппаратта жатады. Трансплантация болса 2 жылдан кейін 2-3 дәрі ішеді. Болды. Бүйректің қызметі толық орнана келсе, өмір сүре береді. Бір диализ үшін бір адамға үкімет 3-4 млн теңге жұмсайды. Ал трансплантациядан кейін бір жылда 400 мың, 2-3 жылда 200-300 мың теңге жұмсайды. Үкіметке де пайдалы ағза ауыстырған,- дейді Мылтықбай Рысмаханов.